Сирия бүлікшілері кеше Хаманы алып, бүгін астанаға жақын Хомс қаласына кірді
Жарияланған күні:
Сирия астанасынан шамамен 160 шақырым жерде орналасқан Хомс қаласының жүздеген тұрғыны үйлерін тастай қашты. Өйткені қарулы бүлікшілер оңтүстікке – Дамаск қаласына қарай беттеп келеді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ CNN телеарнасына сілтеме жасай отырып хабарлайды.
Жұмаға қараған түні түсірілген видеолардан Хомстан шыға берістегі жолда жүздеген автокөлік тұрғанын көруге болады. Қала тұрғындары қарулы бүлікшілер мен Башар Асад әскерінің қақтығысынан қауіптенеді.
Бейсенбі күні бүлікшілер Хама қаласын басып алған, ал бүгін кешке олардың Хомс қаласына кіргені мәлім болды. CNN бүлікшілердің Хомстың орталық аудандары – Әль-Растан және Телль-Биса қалаларында екенін анықтады. Телль-Биса мен Хомс арасы – бар болғаны 10 шақырым.
"Хомстың ержүрек тұрғындары, көзге түсетін кез келді", - деп мәлімдеді бүлікшілердің бір өкілі.
Бір аптаның ішінде екі ірі қаланы үкімет бақылауынан үзген қарулы бүлікшілер коалициясы ондаған жыл бойы Сирияны билеп отырған Асад жүйесін тайдыруды көздейді. Бұл туралы бүлікшілер жетекшісі Әбу Мұхаммед әл-Жолани бейсенбіде CNN телеарнасына мәлімдеген.
"Революция мақсаты – жүйені биліктен тайдыру. Біз бар күшімізді осы мақсатқа жету үшін қолдануға барлық құқымыз бар", - деген Жолани.
Хомс қаласында негізінен Башад Асадты жақтайтын алавиттер тұрады. Олар бүлікшілердің кек алуынан сескенеді.
Хама мен Хомс қалаларының арасы бар болғаны бір сағаттық жол. Жұма күні бүлікшілер Хомсты да алды деген мәлімет, бүлікшілердің осы қалаға кіргені туралы суреттер тараған. Алайда Башар Асад үкіметі мәліметті жоққа шығарып отыр.
"Содырлар ресурстарында армия Хомстан кетті деген мәлімет – жалған", - деп хабарлады Сирия қорғаныс министрлігі. Мәліметті ТАСС ақпарат агенттігі жариялады. Қорғаныс министрлігінің хабарлауынша, Асад армиясы провинциядағы қорғаныс шебін нығайтып жатыр.
Жұма күні Ресей билігі Сириядағы азаматтарына осы елден тезірек кетуге кеңес берді. Ресей күштері Башар Асад билігіне көмектесіп отыр.
БҰҰ мәліметінше, Сирияда он жылдан астам уақыт соғыста 300 мыңнан аса бейбіт тұрғын қаза тауып, миллиондаған адам босып кетті.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/world/2197311-siriia-bulikshileri-keshe-hamany-alyp-bugin-astanaga-zhaqyn-homs-qalasyna-kirdi/