Газаға қыс түсті: БҰҰ өкілі осы қыста адам шығыны көп болатынын ескертті
Жарияланған күні:
Израильдің сектордағы әуе шабуылдарынан бас сауғалап, үйін тастап қашқан жүзден мың палестиналық тағы бір қауіппен бет-бет кезікті – Газаға қыс түсті. БҰҰ өкілі адам қырылуы мүмкін екенін ескертті. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ CNN телеарнасына сілтеме жасай отырып хабарлайды.
Жексенбі күнгі аязды дауыл сектордағы барлық өңірден сезілді. Газаның орталық бөлігінде, теңіз жағалауында орналасқан Дейр әл-Балахта қолдан тіккен шабырларда тұрып жатқан босқындар жаңбыр аралас дауылмен арпалысты.
CNN журналистері ата-аналары теңіздің алып толқындарына тосқауыл қою үшін құм тасып әлек болғанда, балалар жалаңаяқ жүгіріп жүргенін көрді.
"Біз осында теңізден пана табу үшін келдік. Енді теңіз де бізге шабуылдап жатыр", - дейді палестиналық.
БҰҰ-ның палестиналық босқындарға көмек жөніндегі Таяу Шығыс агенттігінің басшысы сейсенбі күні Х әлеуметтік желісінде Газа көмек керек екенін жазды.
"Газаға қыс келгенде адамдар әуе шабуылдарынан, аурудан немесе аштық ғана қырылмайды. Газада қыс түсті дегеніміз, адамдардың көбі, әсіресе қарт кісілер мен балалар үсіп өледі дегенді білдіреді", - деді Филипп Лаццарини.
БҰҰ мәліметінше, қазан айында Газаға жеткізілген көмек көлемі өте аз болған.
Секторда желтоқсан айында ауаның орташа температурасы 10-20 градус шамасында сақталады, ал қаңтарда тағы екі градусқа төмендейді. Жаңбыр маусымы қараша-ақпан айларын қамтиды. Әсіресе қаңтарда жаңбыр көп жауады.
"Ешкімнің бізбен жұмысы жоқ. Қайда ұйықтайтынымды білмеймін. Түбі теңізге барып ұйықтаймын", - дейді шұрық тесік шатырда суықтан қалшылдаған палестиналық.
"Бізді жан-жақтан қаумалап алды. Теңіз, израильдіктер, баспанасыздық, аштық", - деп қынжылды тағы бірі.
БҰҰ мәліметінше, ХАМАС Израильге шабуыл жасап, қарымта соғыс басталғалы бері кем дегенде 1,9 млн адам – Газа секторындағы халықтың шамамен 90 пайызы – ел ішіндегі босқынға айналған. Олар бір емес, бірнеше мәрте, кейбірі 10 немесе одан көп рет көшуге мәжбүр болған.
Босқындар ісі жөніндегі норвег кеңесінің есебінде палестиналықтардың көбі баспанасыз қалғаны айтылған.
"Бұзылмаған ғимарат өте аз қалғандықтан, палестикалықтардың дені осы қыста шатырларда, қолдан тұрғызылған сапасыз кепелерде өткізеді. Мұндай баспана оларды суық жел мен жаңбырдан қорғай алмайды" деп жазылған баяндамада.
БҰҰ мәліметінше, Газа секторында 200 мыңнан аса үй қираған. Шамамен 1 миллион адам "қысқа дайындалу үшін көмек күтеді".
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/world/2194334-gazaga-qys-tusti-buu-okili-osy-qysta-adam-shygyny-kop-bolatynyn-eskertti/