Сириялық қарулы бүлікшілер Алеппоға кіргенін мәлімдеді
Жарияланған күні:
Сириялық қарулы бүлікшілер тобы елдегі екінші ірі қала – Алеппоға кіргенін мәлімдеді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ CNN телеарнасына сілтеме жасай отырып хабарлайды.
Сирия үкіметінің қарулы күштері Алеппоны 2016 жылы қарулы бүлікшілерден қайтарып алған.
Осы аптада бүлікшілер күштері күтпеген жерден шабуылға көшіп, бірнеше елдімекенді басып алған. Осылайша бірнеше жылға созылған тыныштық қайта бұзылған.
"Біздің күштеріміз Алеппо қаласына кіре бастады", - деп мәлімдеді бүлікшілердің жақында құрылған коалициясы. CNN мәліметті тәуелсіз дереккөздер көмегімен растай алмай, Сирия үкіметіне сауал жолдаған.
Сирия әскери шенділері ауыр қарумен және дрондармен қаруланған "терроршыл ұйымдардың ірі шабуылына" кезіккенін мәлімдеген.
Осының алдында бүлікшілер Алеппо қаласының шетіндегі Әскери ғылыми-зерттеу орталығын басып алғанын жариялаған.
Одан алдын Алеппо университетінің студенттер тұратын жатақханасына снаряд құлап, төрт адам қаза тапқан. Мемлекеттік SANA ақпарат агенттігі бұл шабуылды оппозициялық топтар жасады деп таратқан.
Алайда бүлікшілер өкілі Хассан Абдулғани үкіметке қарасты БАҚ-тың мәліметін жоққа шығарып, "ешқандай негізсіз жалған ақпарат" деп мәлімдеген.
Бейсенбі күні Алеппо мен Идлиб маңындағы ауылдарда бүлікшілердің әуе соққылары мен шабуылдарынан кем дегенде 15 бейбіт тұрғын қаза тапқан. Осы мәліметті "Ақ каскалар" ерікті құтқарушы тобы таратты.
Иран сыртқы істер министрі Аббас Арагчи сириялық әріптесімен телефон арқылы сөйлесіп, АҚШ пен Израильді бүлікшілерге демеу көрсетті деп айыптады. Иран Сирия үкіметі мен армиясын қолдайтынын тағы мәлімдеді.
Кремль баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Сирия билігін "конституциялық тәртіпті тез арада қалпына келтіруге" шақырған. Иран да, Ресей де Сирия үкіметінің негізгі одақтасы.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/world/2194491-siriialyq-qaruly-bulikshiler-aleppoga-kirgenin-malimdedi/