Оңтүстік Кореяда оппозициялық партия жетекшісі екі жылға сотталды
Жарияланған күні:

Оңтүстік Кореяда оппозициялық партия жетекшісі Чо Гук екі жылға сотталды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Yonhap агенттігіне сілтеме жасай отырып хабарлайды.
Агенттік мәліметінше, бейсенбі күні Жоғарғы сот саясаткер Чо Гукты екі жылға соттау жөнінде түпкілікті шешім шығарды. Сот дерегінше, оппозициялық саясаткер балаларын жоғары оқу орындарына түсіру, академиялық жеңілдіктер алу мақсатында ықпалын пайдаланған.
Қазір Чо Корея инновациялық партиясын басқарады. Енді ол парламенттегі мандатынан айрылып, бес жыл бойы президент сайлауына қатыса алмайды.
Чо 2017-2019 жылдары президенттің азаматтық істер жөніндегі көмекшісі қызметін атқарған. 2019 жылғы қыркүйекте әділет министрі болып тағайындалған, алайда бір айдан соң балаларының оқуына қатысты жанжалға байланысты жұмыстан кеткен.
2019 жылғы желтоқсанда оған бірнеше айып тағылған. Атап айтқанда, саясаткерді екі баласын университетке түсіру үшін жалған құжаттар дайындады, 6 млн вон көлемінде пара алды, президенттің көмекшісі болып тұрған уақытта Пусан вице-мэрін тексеруге кедергі жасады деп айыпталған.
Чо Гук басқаратын партия президент Юн Сок Ёльге қарсы импичмент жариялауды қолдайды. Чо Гуктың өзі 4 желтоқсанда Ұлттық ассамблея алдында өткен митингіге қатысып, президентке қарсы импичмент жариялауды талап еткен.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/world/2199317-ongtustik-koreiada-oppozitsiialyq-partiia-zhetekshisi-eki-zhylga-sottaldy/