Израиль Иранның ядролық нысандарына шабуыл жасауы мүмкін
Жарияланған күні:

Израильдің қорғаныс армиясы (ЦАХАЛ) Таяу Шығыста Иран қолдайтын топтардың әлсіреуін Иранның ядролық нысандарына соққы беру үшін қолайлы мүмкіндік деп бағалап отыр. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ РБК сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Израильдік БАҚ пен GLZ Radio (Әскери радио) журналисі Дорон Кадоштың мәліметінше, Израильдің әскери-әуе күштері Сирияның әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйесінің 86 пайызын жойған. Бұл аймақта әуе кеңістігін бақылауға мүмкіндік беріп, Иранның ядролық нысандарына ықтимал соққы жасау үшін қауіпсіздікті арттырады.
ЦАХАЛ өкілдері Израильдің әскери-әуе күштерінің жауынгерлік әзірлігі жоғары деңгейге жеткенін және бұл бағытта дайындық жұмыстары жалғасып жатқанын атап өтті.
Кадоштың хабарлауынша, қазіргі дайындықтың басты мақсаты – барлау және жедел күштердің көмегімен елдің саяси басшылығына Иранның ядролық нысандарына соққы беру шешімін қабылдауға толық мүмкіндік беру.
Бұған дейін Израиль Сирияға шамамен 480 соққы жасап, осы елдің теңіз флотын "бір түнде жойғанын" жазған болатынбыз. Сирияда Башар Асад жүйесі құлағаннан кейін көршілес жатқан Израиль осы елдің бүкіл аумағындағы әскери нысандарды атқылап, 50 жылда алғаш рет құрлық әскерін буферлік аймақ пен одан басқа да жерлерге орналастырды.
Бұл уақытта араб елдері Израильді Сириядағы тұрақсыздықты жаңа жерлерді басып алу үшін пайдаланды деп айыптады. БҰҰ-ның Сирия мәселелері жөніндегі арнайы өкілі Тель-Авивтен билігі жаңа ғана ауысқан көрші ел аумағын атқылауды доғаруды талап еткен. Алайда Израиль "Сирияның ішкі ісіне араласпадық" деуден танбай отыр.
Voice of the Capital мәліметінше, Израиль күштері Бекаасем ауылына дейін жеткен. Ол Сирия астанасынан шамамен 25 шақырым жерде орналасқан. CNN осы мәліметті тәуелсіз дереккөздер арқылы растай алмады, бірақ осы ауыл Хермон тауының етегінде орналасқан. Израиль күштері осы жотаны жексенбі күні басып алған. Хермон тауы – Сирия, Ливан және Голан жоталары арасында орналасқан стратегиялық маңызды нүкте.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/world/2199947-izrail-irannyng-iadrolyq-nysandaryna-shabuyl-zhasauy-mumkin/