АҚШ мемлекеттік хатшысы Сириядағы жағдайға қатысты мәлімдеме жасады
Жарияланған күні:

АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен жұма күні Анкарада Түркия сыртқы істер министрі Хакан Фиданмен кездесіп, Сирияда ИШИМ-нің қайта жандануына жол бермеу керегін мәлімдеді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ CNN телеарнасына сілтеме жасай отырып хабарлайды.
Анкарадағы кездесуде Құрама Штаттардың мемлекеттік хатшысы екі елдің ұзақ жылдар бойы "ИШИМ халифатының құрылуына жол бермеу" жөніндегі жұмысын әрі қарай жалғастыра беру керектігін мәлімдеген.
Осы жүздесуден кейінгі мәлімдемесінде Блинкен Түркия қолдап отырған күштер мен АҚШ-тың ИШИМ-мен күресіндегі басты әріптесі – Сирия демократиялық күштері арасындағы қақтығыс туралы ештеңе айтпады.
Бір күн бұрын Блинкен "Күрдістан жұмысшы партиясы және терроризм мәселесінде" Түркияның өз мүддесі барын айтып, оны "тұрақты қауіп" деп сипаттаған.
"Десе де, біз Сирияның өз ішінде тағы бір қосымша жанжалдардың тұтанғанын қаламаймыз, уақытша үкімет ауысқан уақытта Сирияның жарқын жолмен жүргенін көргіміз келеді. Осы ретте ИШИМ өзінің сұмпайы даусын қайта көтермеуге тиіс", - деп мәлімдеген Блинкен Иорданиядағы брифингінде.
Сонымен бірге Блинкен мен Фидан Анкарадағы кездесуде Газа секторында атысты доғару, тұтқындарды босату мәселелерін де талқылады.
"Президент Ердоғанмен, министр Фиданмен кездесулер барысында біз ХАМАС-тың бейбіт келісімді қолдағаны маңызды екенін айттық", - дейді Блинкен.
Бұл ретте АҚШ Түркия осы ұйымға ықпалын пайдалана отырып, бейбіт келісімнің жүзеге асуында маңызды рөл атқара алады деп есептейді.
Жақында ХАМАС-тың Катардан қуылған бірқатар шенділері Түркияны паналаған.
Бейсенбі күні АҚШ ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Джейк Салливан Құрама Штаттар президент Джо Байденнің биліктегі соңғы апталарында тараптардың Газа секторында атысты доғару, тұтқындарды босату жөнінде келісім қабылдауына күш салады деп мәлімдеген.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/world/2200350-aqsh-memlekettik-hatshysy-siriiadagy-zhagdaiga-qatysty-malimdeme-zhasady/