Top.Mail.Ru

Зектілері

Сирияда Дамаск маңынан кем дегенде 100 мың адамның жаппай жерленген орны табылды

Жарияланған күні:

Башар Асад кезінде өлтірілген адамдардың бейіті
Сириядағы жаппай жерлеу орны. Фото: Anadolu/Getty Images

Сириялық құқық қорғаушылар Дамаск маңындағы Әл-Кутаифе аймағынан Башар Асад режимі кезінде қаза тапқан 100 мыңға жуық адамның ортақ бейітін анықтады. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ ABC News арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Телеарнаның хабарлауынша, сириялық құқық қорғаушылар Сирия астанасы Дамасктен солтүстікке қарай 40 км жерде орналасқан Әл-Кутаифеде Башар Асад тұсында қаза тапқан кем дегенде 100 мың адамның бейітін тапқан. Бұл туралы АҚШ-та орналасқан Сирияның төтенше жағдайлар жөніндегі жұмыс тобының басшысы Муаз Мұстафа мәлімдеді.

Сириялық оппозициялық топтар, үкіметтік емес ұйымдар мен құтқарушылар Башар Асадтың 24 жылға созылған режимінде жасалған адам құқықтарын бұзу деректерін әлі де зерттеп, дәлелдер жинауда.

2011 жылдан бері 100 мыңнан астам адамның із-түссіз жоғалғаны белгілі. Қазіргі таңда Асад түрмелері мен жаппай жерлеу орындары болуы мүмкін орындар анықталуда.

АҚШ-та орналасқан Сирияның төтенше жағдайлар жөніндегі жұмыс тобының басшысы Муаз Мұстафаның айтуынша, Әл-Кутаифедегі жаппай жерлеу орны окоптар мен траншеялардан тұрады. Олардың тереңдігі 6-7 метр, ені 3-4 метр, ұзындығы 50-ден 150 метрге дейін жетеді.

Аталмыш қабірлерде ерлер, әйелдер, балалар және қарт адамдардың денелері табылған.

Жерлеу орны Асад әскерінің бақылауындағы аумақта орналасқан. Жол азаматтық көліктерге жабық болғаны да атап өтілді.

Идлибтің оңтүстігінен Дамаскке қарай күтпеген шабуылды басқарған "Хаят Тахрир аш-Шам" көтерілісшілер тобының жетекшісі өтпелі үкіметі Асад режимі кезінде адам құқықтарын бұзуға қатысы бар адамдарды жауапқа тартатынын мәлімдеді, деп хабарлайды телеарна.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/world/2201531-siriiada-damask-mangynan-kem-degende-100-myng-adamnyng-zhappai-zherlengen-orny-tabyldy/