Трамп аса ауыр қылмыс жасағандарды өлім жазасына кесуді тапсыратынын мәлімдеді
Жарияланған күні:
АҚШ-тың жаңа сайланған президенті Дональд Трамп билікке келе салысымен Құрама Штаттардың Әділет министрлігіне кісі өлтіру, зорлау секілді аса ауыр қылмыс жасағандарды өлім жазасын белгілеуді тапсыратынын мәлімдеді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Трамп Thruth Social әлеуметтік желісінде былай деп жазады:
"Қызметке кірісе салысымен, америкалық отбасы мен балаларды кісі өлтірушілерден, зорлық көрсетушілерден және басқа да құбыжықтардан қорғау үшін Әділет министрлігінен өлім жазасын енгізуді тапсырамын. Сол кезде біз қайтадан заң мен тәртіпке көшеміз!"
Осының алдында Трамп қазіргі президент Джо Байденнің өлім жазасына кесілгендердің бәріне дерлік рақымшылық бергенін сынаған.
"Жаңа ғана Джо Байден елімізде ең қорқынышты кісі өлтіру қылмыстарын жасаған адамдардың 37 өлім жазасы үкімін жеңілдетті. Олардың әрқайсының істеген ісіне үңілер болсаңыз, қылмыс жасағанына сене алмайсыз. Ақылға сыймайтын шешім. Жәбірленушілердің туыстары мен достары айтарға сөз таппай отыр. Олар да сене алар емес!" - деп жазды Трамп. Екі сағаттан соң оның өлім жазасы туралы жазбасы жарияланды.
Еске салсақ, қазіргі президент Джо Байден федералдық заңдар бойынша өлім жазасына кесілген адамдардың бәріне дерлік рақымшылық беріп, жазасын жеңілдеткен. Ең ауыр үкім өмірлік түрме жазасына алмастырылып, рақымшылық алғандарға мерзімінен бұрын бостандыққа шығу құқығы берілді.
Ал жаңа сайланған президент Дональд Трамп өлім жазасын қолдайды. Оның алғашқы мерзімі кезінде 13 өлім жазасы үкімі орындалған. 2024 жылы президент сайлауы қарсаңындағы саяси науқан кезінде Трамп өлім жазасын қолдану аясын кеңейтуді, "есірткі мен адам саудалағандарды", балаларды зорлаған адамдарды да өлім жазасына кесуді ұсынған.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/world/2204474-tramp-asa-auyr-qylmys-zhasagandardy-olim-zhazasyna-kesudi-tapsyratynyn-malimdedi/