Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Украинада Ақтаудағы ұшақ апатында қаза тапқан ұшқыштың есімі ұлықталады

Жарияланған күні:

Ақтау маңында құлаған ұшақ пилоты
Александр Кальянинов: Украина мемлекеттік ұшу академиясы

Ақтаудағы ұшақ апатында қаза тапқан ұшқыш Александр Кальянинов оқыған Украина мемлекеттік ұшқыштар академиясында оның есімімен аталатын аудитория ашылады. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Әзербайжандағы Украина елшісіне сілтеме жасап хабарлайды.

Украинаның Әзербайжандағы елшісі Юрий Гусев Facebook-тегі парақшасында Александр Кальянинов Кропивницкийдегі Украина мемлекеттік ұшқыштар академиясының магистратурасын бітіргенін еске алды.

Ұшқыштар академиясы басшылығы депутаттардың, Украинадағы әзербайжандар диаспорасы мен елшіліктің қолдауымен оқу кабинеттерінің біріне Әзербайжанның ұлттық батыры Александр Кальяниновтың есімін беру туралы шешім қабылдаған.

"Сонымен қатар Кропивницкийдегі ұшқыштар академиясында оқитын Әзербайжанның болашақ ұшқыштары үшін Александр Кальянинов атындағы жеке стипендия тағайындау мүмкіндігі қарастырылып жатыр", - деп жазды елші.

Кеше, 29 желтоқсанда Әзірбайжан Республикасының президенті Ильхам Алиев пен бірінші ханым Мехрибан Алиева Баку халықаралық әуежайында өтіп жатқан Баку-Грозный рейсін орындаған ұшақ апатынан қаза тапқан экипаж мүшелерімен қоштасу рәсіміне қатысқанын еске саламыз.

Айта кетейік, 25 желтоқсанда Бакуден Грозныйға бет алған ұшақ Ақтау маңында апатқа ұшырады.

Қазақстан Көлік министрлігі алдын ала ақпаратқа сәйкес ұшақ бортында 62 жолаушы мен 5 экипаж мүшесі болғанын хабарлады.

Бортта 42 Әзербайжан, 16 РФ, 6 Қазақстан, 3 Қырғызстан азаматы болған.

Көп ұзамай Ақтауда апатқа ұшыраған ұшақта 38 адам қаза тапқаны белгілі болды. Өкінішке қарай, аман қалғандардың арасында қазақстандықтар жоқ екені хабарланды.

26 желтоқсанда Euronews генттігі Әзербайжан үкіметіндегі дереккөзге сілтеме жасап, Ақтаудағы қайғылы оқиғаға Ресейдің Грозный үстінен ұшырылған зымыраны себеп болғаны туралы ақпарат жариялады.

Кейін Ресей авиациясының басшысы Дмитрий Ядров 25 желтоқсанда Embraer жолаушылар ұшағының Маңғыстауда апатқа ұшырауына қатысты мәлімдеме жасаған еді. Ол Қазақстанға құлаған жолаушы ұшағы Грозный әуежайына "Ковер" режиміне байланысты қона алмағанын, Шешенстан астанасы әуе кеңістігінде мұндай режим Украина шабуылына байланысты енгізілгенін мәлімдеді.

28 желтоқсанда Ресей президенті Владимир Путин Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевпен телефон арқылы сөйлесіп, РФ әуе кеңістігінде болған қайғылы жағдай үшін кешірім сұрады. Сондай-ақ Ресей Тергеу комитеті осы жайт бойынша қылмыстық іс қозғағаны мәлім болды.

Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев Әзербайжан телеарнасына берген сұхбатында Ақтау маңында AZAL ұшағының апатқа ұшырауының бірқатар себебін атады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/world/2206707-ukrainada-aqtaudagy-ushaq-apatynda-qaza-tapqan-ushqyshtyng-esimi-ulyqtalmaq/