Зектілері

Ақтаудағы ұшақ апатынан зардап шеккен қырғызстандықтардың барлығы ауруханадан шығарылды

Жарияланған күні:

Ақтаудағы ұшақ апаты
Науқастарды эвакуациялау. Видеодан кадр: t.me/qr_tjm

Бүгін, 13 қаңтарда Ақтаудағы ұшақ апатынан зардап шеккен үшінші қырғызстандық Қырғыз ұлттық госпиталінен қанағаттанарлық жағдайда шығарылды. Бұл туралы 24.kg сайтына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.

Бүгін, 13 қаңтарда Ақтаудағы ұшақ апатынан зардап шеккен үшінші қырғызстандық ұлттық госпитальдан қанағаттанарлық жағдайда шығарылды. Бұл туралы Қырғыз Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз орталығында хабарлады.

Еске салсақ, бұған дейін Ақтаудағы ұшақ апатынан зардап шеккен екі қырғызстандық ауруханадан шығарылғанын хабарлаған едік.

30 желтоқсанда маңғыстаулықтар ұшақ апатынан аман қалған Қырғызстан азаматтарын еліне шығарып салған болатын.

Айта кетейік, 25 желтоқсанда Бакуден Грозныйға бет алған ұшақ Ақтау маңында апатқа ұшырады.

Қазақстан Көлік министрлігі алдын ала ақпаратқа сәйкес ұшақ бортында 62 жолаушы мен 5 экипаж мүшесі болғанын хабарлады.

Бортта 42 Әзербайжан, 16 РФ, 6 Қазақстан, 3 Қырғызстан азаматы болған.

Көп ұзамай Ақтауда апатқа ұшыраған ұшақта 38 адам қаза тапқаны белгілі болды. Өкінішке қарай, аман қалғандардың арасында қазақстандықтар жоқ екені хабарланды.

26 желтоқсанда Euronews генттігі Әзербайжан үкіметіндегі дереккөзге сілтеме жасап, Ақтаудағы қайғылы оқиғаға Ресейдің Грозный үстінен ұшырылған зымыраны себеп болғаны туралы ақпарат жариялады.

Кейін Ресей авиациясының басшысы Дмитрий Ядров 25 желтоқсанда Embraer жолаушылар ұшағының Маңғыстауда апатқа ұшырауына қатысты мәлімдеме жасаған еді. Ол Қазақстанға құлаған жолаушы ұшағы Грозный әуежайына "Ковер" режиміне байланысты қона алмағанын, Шешенстан астанасы әуе кеңістігінде мұндай режим Украина шабуылына байланысты енгізілгенін мәлімдеді.

28 желтоқсанда Ресей президенті Владимир Путин Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевпен телефон арқылы сөйлесіп, РФ әуе кеңістігінде болған қайғылы жағдай үшін кешірім сұрады. Сондай-ақ Ресей Тергеу комитеті осы жайт бойынша қылмыстық іс қозғағаны мәлім болды.

Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев Әзербайжан телеарнасына берген сұхбатында Ақтау маңында AZAL ұшағының апатқа ұшырауының бірқатар себебін атады.

Сонымен қатар 30 желтоқсанда Қазақстан Ақтау маңында құлаған ұшақтың "қара жәшігін" Бразилияға жібергені белгілі болды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/world/2211149-aqtaudagy-ushaq-apatynan-zardap-shekken-qyrgyzstandyqtardyng-barlygy-auruhanadan-shygaryldy/