Израиль үкіметінің бір бөлігі ХАМАС-пен бітімгершілік келісімге қарсы шықты
Жарияланған күні:
Читать на русском
ХАМАС-пен бітімгершілік келісімді Израиль үкіметінің барлық мүшесі қолдай қоймады - әсіре оңшыл партиялардың екі министрі бұл шешімге қарсы шықты. Бұл туралы BBC-ге сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Нақтырақ айтқанда, қаржы министрі Безалел Смотрич пен Ұлттық қауіпсіздік министрі Итамар Бен-Гвир келісімге қарсы шықты.
Басылымның хабарлауынша, Смотрич бұл келісімді Израиль үшін қауіпті деп атады және "соғысқа қайта оралатынына толық сенімді екенін" айтты.
Басылым ХАМАС-пен атысты тоқтату туралы келісім мәселесін Израиль үкіметі бүгін, 16 қаңтарда талқылайтынын атап өтті. Бұл ретте Смотрич пен Бен-Гвир бұған қарсылық білдіргенімен, келісімге тосқауыл қоятын адамдар саны жеткіліксіз екені алға тартылды.
"Алайда олар (Смотрич пен Бен-Гвир) үкіметтен кетіп, оны құлатуға тырысуына болар еді, бәлкім Смотрич соңғы бірнеше күнде Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхумен "қызу әңгіме" болғанын айтқан кезде осыны меңзеген болар", - делінген агенттік материалында.
Сонымен бірге "Страна.ua" сайты мәліметіне сәйкес, Израиль соғыстағы басты мақсаты ХАМАС-ты жою деп мәлімдеген. Бұл мақсатқа қол жеткізілген жоқ. Оның үстіне Израиль армиясы Газа секторынан жартылай шығарылып, ХАМАС-қа күш-қуатын қайтарып алу мүмкіндігін беріп жатыр. Бұл келісімге қарсы израильдіктердің басты шағымы болып отыр.
Екінші жағынан, ХАМАС та қалағанына қол жеткізе алмады - Израиль әскерлерін сектордан толық шығарып, толассыз атысты тоқтату.
Бітімгершілік 42 күнге ғана жасалады. Оны ұзарту немесе толассыз атысты тоқтату туралы бөлек келіссөздер жүргізу қажет болады.
Еске салсақ Газа секторында тұратын палестиналықтар Израиль мен ХАМАС арасындағы атысты тоқтату шешіміне байланысты мерекелік шерулерге көшеге шыққанын жазған едік.
Газада атысты тоқтату туралы келісімді орындау 19 қаңтарда күшіне енеді. Бұл туралы Қатар премьер-министрі Мұхаммед әл-Тани баспасөз мәслихатында мәлімдеді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/world/2212083-izrail-ukimetining-bir-boligi-hamas-pen-bitimgershilik-kelisimge-qarsy-shyqty/