Салық төлеуден жалтарды деген блогер 5 жылға сотталды
Жарияланған күні:

Мәскеудің Савеловский аудандық соты ресейлік блогер Елена Блиновскаяны аса ірі көлемде салық төлеуден жалтарды және ақша жылыстату ісі бойынша бес жылға бас бостандығынан айырды, деп хабарлайды ТАСС-қа сілтеме жасаған kazinform.kz.
"Қылмыс жиынтығы бойынша соңғы үкім 5 жыл бас бостандығынан айыру жазасы кесілді, жаза жалпы режимдегі түзеу колониясында өтеледі", — деді судья.
Салық төлеуден жалтарған деген айыпқа келсек, блогер салық мерзімінің өтуіне байланысты қылмыстық жауапкершіліктен босатылды.
"Блиновская Ресей Федерациясының Қылмыстық кодексінің 198-бабы бойынша 2 бөлігі бойынша тағылған айыпқа байланысты қылмыстық жауапкершіліктен босатылды", — деп қосты судья.
Сөзжарыс барысында мемлекеттік айыптаушы соттан Блиновскаяны алты жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Сондай-ақ мемлекеттік айыптаушы блогерге қосымша жаза ретінде 1,5 миллион рубль көлемінде айыппұл салуды сұрап, оған қарсы азаматтық талапты толық қолдап, бес жылға коммерциялық қызметпен айналысуға тыйым салуды сұрады.
Сотта жауап алу кезінде ол өзінің қылмыстық ісі бойынша салық берешегінің сомасын және ақша жылыстату ісіне қатысы барын толық мойындады. Оның айтуынша, салық мәселесімен алдымен оның күйеуінің таныстары, содан кейін оның досы Лилия Орленко айналысқан.
Еске салсақ, блогердің соты 2024 жылдың тамыз айының соңында басталды. Бұған дейін қылмыстық істі қарау барысында Орленкодан, сондай-ақ блогердің тренингтерінің кураторларынан және сотталушының қызметіне қатысы бар компаниялардың бас директорларынан жауап алынған. Тергеушілердің мәліметінше, Блиновская 2019-2021 жылдары бизнесті бөлшектеу схемалары арқылы 900 миллион рубльден астам салық төлеуден жалтарған. 2023 жылдың сәуір айында ол Ресейден кеткелі тұрған жерінен ұсталды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/world/2225171-salyq-toleuden-zhaltardy-degen-bloger-5-zhylga-sottaldy/