Әзербайжан президенті Мәскеуде өтетін парадқа бармайды: себебі айтылды
Жарияланған күні:
Читать на русском
Ильхам Әлиев Мәскеудегі Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына арналған іс-шараларға қатыспайтыны мәлім болды. Бұл туралы журналист Александр Юнашевқа Владимир Путиннің көмекшісі Юрий Ушаков айтты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Ресей президентінің көмекшісі Юрий Ушаковтың жауабын журналист Александр Юнашев Telegram-дағы арнасында жариялады.
Кремль тілшісі Ресей президентінің кеңесшісінен салтанатты шара қонақтары Мәскеудегі шараға түгел қатыса ма деп сұрады. Нақтырақ айтқанда, журналист Әзербайжан президентінің келетін-келмейтініне қатысты сұрақ қойды, өйткені Ильхам Әлиев келмеуі мүмкін деген ақпарат тараған.
Юрий Ушаков бұл ақпаратты растады.
"Олар бұл жағдайды Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев Гейдар Әлиевке арналған ел ішіндегі шараларға қатысуы керек деп түсіндірді", - деді Ушаков.
Сонымен қатар Лаос басшысы ауырып қалуына байланысты шараға қатыса алмайтыны айтылды. Ол коронавирус жұқтырған. Ел Мәскеуге Сыртқы істер министрін жібереді деп күтіледі.
Еске салсақ, 25 желтоқсанда Бакуден Грозныйға бет алған жолаушылар ұшағы Ақтау маңында апатқа ұшырады.
Бортта 42 Әзербайжан, 16 РФ, 6 Қазақстан, 3 Қырғызстан азаматы болған.
Көп ұзамай Ақтауда апатқа ұшыраған ұшақта 38 адам қаза тапқаны белгілі болды.
26 желтоқсанда Euronews агенттігі Әзербайжан үкіметіндегі дереккөзге сілтеме жасап, Ақтаудағы қайғылы оқиғаға Ресейдің Грозный үстінен ұшырылған зымыраны себеп болғаны туралы ақпарат жариялады.
Кейін Ресей авиациясының басшысы Дмитрий Ядров 25 желтоқсанда Embraer жолаушылар ұшағының Маңғыстауда апатқа ұшырауына қатысты мәлімдеме жасаған еді. Ол Қазақстанға құлаған жолаушы ұшағы Грозный әуежайына "Ковер" режиміне байланысты қона алмағанын, Шешенстан астанасы әуе кеңістігінде мұндай режим Украина шабуылына байланысты енгізілгенін мәлімдеді.
28 желтоқсанда Ресей президенті Владимир Путин Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевпен телефон арқылы сөйлесіп, РФ әуе кеңістігінде болған қайғылы жағдай үшін кешірім сұрады. Сондай-ақ Ресей Тергеу комитеті осы жайт бойынша қылмыстық іс қозғағаны мәлім болды.
Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев Әзербайжан телеарнасына берген сұхбатында Ақтау маңында AZAL ұшағының апатқа ұшырауының бірқатар себебін атады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/world/2243133-azerbaizhan-prezidenti-maskeude-otetin-paradqa-barmaidy-sebebi-belgili-boldy/