Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Францияда әлемдегі ең ірі жезөкшелер үйінің иесі қайтыс болды

Опубликовано:

Франциядағы аса танымал әйел, Париждегі эксклюзивті бордельдің (фр.bordel) – жезөкшелер үйінің иесі мадам Клод 92 жасында қайтыс болды.

Бұл туралы ВВС хабарлады.

Көзінің тірісінде мадам Клод француз астанасындағы әйгілі Елисей алаңына қапталдастырып тұрғызылған ғимаратта 500 жезөкше ұстады. Баспасөзге әлденеше рет берген сұхбатында ол өзі иелік етіп отырған бұл ғимарат кезінде АҚШ президенті Джон Кеннеди мен Ливия патшасы Муаммар Каддафиге, Иран шахы мен әлемдік киножұлдыз Марлон Брандоға және басқа да есімін ел танитын азаматтарға қызмет көрсеткенін жасырмай айтты.

«Vanity Fair» («Мансапқорлық жәрмеңкесі») журналының тілшісімен болған әңгімеде АҚШ-тың Орталық барлау басқармасының мадам Клод арқылы Парижде өткен халықаралық келіссөздер кезінде «әйелдердің күшін» саяси бағытта пайдаланғанын да айтып салған. Соған қарамастан ел астанасындағы танымал үйдің клиенттерінің аты-жөні әркез құпия сақталынып келді.

Париж жандармериясының бұрынғы басшысы Клод Кансе болған оқиға байланысты Франс-пресс агенттігіне берген сұхбатында: «Аты аңызға айналған бұл әйел о дүниеге өзімен бірге талай-талай мемлекеттік аса маңызды құпияларды ала кетті», – деп мәлімдеді.

Жастық шағын әйелдер монастырінде өткізген, соғыс жылдарында фашистік концлагерьдің тұтқыны болған, кейін француздық қарсылық көрсету майданының жауынгеріне айналған  Фернанда Грюде – «мадам Клод» атағын соғыстан соң, бейбіт заманда иеленген.

Мадам Клод туралы деректі де, көркемсуретті де көптеген фильмдер шығарылған. Оның ролін сомдаған атақты француз киноактрисасы Франсуа Фабиан көзі тірі кейіпкері туралы: «Ол ер адамдарды да, әйелдерді де иттің етінен жек көрді» деп түйіндейді.

Мемлекет қазынасына тиісті салықтан жалтарғаны және басқа да «майда-шүйде» қылмыстық әрекеттері үшін мадам Клод әлденеше рет сот алдында жауапқа да тартылды. Бірақ, ешуақытта да алты айдан артық түрмеде отырған емес.

Қарттық жеңген мезгілде «атағы жер жарған әйел» Ницце қаласындағы шағын пәтерінде тұрды, сол аумақтағы жұпыны ауруханада мәңгілікке көз жұмды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/world/996482-franciyada-alemdegi-enh-iri-zhezoksheler/

pixel