Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Артында бес баласы қалды": Жамбыл облысында қаза тапқан полковник жер қойнына тапсырылды

Опубликовано:

Марқұмның жақындары
Кадр: "Хабар 24"

Жамбыл облысында жарылыстан қаза тапқан Азаматтық қорғау полковнигі Мейіржан Аймановты Жамбыл жұрты соңғы сапарға шығарып салды деп жазады "Хабар 24".

Полковник әскери қоймадағы қызыл жалынды ауыздықтау кезінде болған жойқын жарылыстан қаза тапқан болатын. Оның артында ата-анасы, бауырлары, бес баласы мен әйелі қалды.

Мейіржан – Аймановтар әулетінің үлкені болатын. Тұңғыш ұл болғандықтан ата-анасы да, бауырлары да оған арқа сүйейтін. Ол да ағайын мен туысқа, дос пен бауырға әрдайым құшағын ашып, көмегін аямайтын.

"Орындалмаған армандары көп еді. Тым ерте кетті. Жанымды айтқызбай ұғатын құлыным еді. Жетіге қарай мен онымен хабарластым. "Балам, жұмысың бітті ме? Қайдасың?" деп едім, "мама, өрт сөндіруге кетіп барамын" деді. Ол жарылыс болатынын білген де жоқ. Өртті сөндіре бастаған кезде жарылған ғой. Балалардың бәрі ұшып-ұшып кетті. Ол 1-2 баланы құтқарыпты. Өзі қайтадан қалған балаларға кіріп кетіпті. Содан шықпады ғой", - дейді полковниктің анасы Айткүл Айманова.

Мейіржан Айманов жақында ғана 45 жасқа толған болатын. Өмір бойы өрт сөндіру саласында еңбек етіп, полковник шеніне дейін өскен.

"Адалдық пен әділдікті жаны қалайтын. Әлсізге қамқор, жалғандыққа жаны қас болатын. Кішкентайынан спортты серік етті" дейді бірге өскен сыныптас достары.

"Мейіржанды кішкентайынан білеміз, сол кезде бойында қайраттылық, қаһармандық, әлсіздерге жақтасып, қорғап жүретін еді. Төбемізден жай түскендей боп отыр. Енді өмір сүріп, бала-шағаны өсіріп, қызығын көремін ба дегенде қыршынынан кетіп отыр", - дейді марқұмның сыныптасы Елмира Ізмағамбетова.

Еске салсақ, 26 тамыз күні кешкі уақытта Жамбыл облысының әскери бөліміндегі қоймалардың бірінде жарылыс болды.

Соңғы деректер бойынша, барлығы 13 адам қаза тауып, жүзге жуық адам жарақат алған. Жоғалғандарды іздестіру жұмыстары жалғасуда.

Аталған қайғылы оқиғаға байланысты мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 29 тамызды Жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады.

Еліміздің төтенше жағдайлар министрлігі қызметтік бабында жүрген кезінде ерлікпен қаза тапқан өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың фотосын жария етті.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/1929427-artynda-bes-balasy-qaldy-zambyl-oblysynda-qaza-tapqan-polkovnik-zer-qoinyna-tapsyryldy/

pixel