Алматыдағы жаппай тәртіпсіздік кезінде қаза тапқан подполковникпен қоштасу рәсімі өтті (фото)

Опубликовано:

Алматы
Фото: Алматы қаласының әкімдігі

Алматыдағы жаппай тәртіпсіздік кезінде қаза тапқан қарулы күштердің подполковнигі Сәндібек Қайыровпен қоштасу рәсімі өтті, деп хабарлайды қалалық әкімдік Facebook желісіндегі парақшасында.

"35-гвардиялық десанттық-шабуылдау бригадасы командирінің орынбасары подполковник Сәндібек Қайыров конституциялық құрылысты қорғап, ерлікпен қаза тапты. Ол әскери қызметшілерді қала әкімдігінің шабуыл жасалған ғимаратынан шығарып үлгерді, бірақ өзі қорғана алмады", - делінген хабарламада.

Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев марқұмның туыстары мен жақындарына көңіл айтты.

"Қаза тапқан әскери қызметшілердің, құқық қорғау органдары қызметкерлерлерінің есімдерін мәңгі сақтау үшін Республика алаңында мемориалды тақта қойылады. Бұл біздің елімізді террористерден қорғап, бейбітшілікті сақтап, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз еткендерді есте сақтау үшін ұрпақтарға арналады", - дейді Бақытжан Сағынтаев.

Сонымен қатар, мегаполис басшысы Сәндібек Қайыровтың отбасына материалдық көмек көрсетілгенін, сондай-ақ, пәтер берілетінін атап өтті.

Марқұмның артында жұбайы мен екі баласы қалды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/1950946-almatyda-qaza-tapqan-podpolkovnikpen-qostasu-rasimi-otti-foto/