Сеулде қаза тапқан қазақстандық қыз жайлы жаңа мәлімет шықты
Жарияланған күні:
29 қазан күні Сеулде Хэллоуин мерекесін тойлау кезінде Ақтөбе қаласының тұрғыны Мадина Шерниязова көз жұмды. Ол Оңтүстік Кореядағы жоғары оқу орындарының бірінің магистратурасында білім алған, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Азаттық радиосына сілтеме жасап.
Марқұмның анасы Гүлбану Шерниязованың айтуынша, Мадина Хэллоуин мерекесіне аттанар алдында үлкен әпкесімен бейнеқоңырау арқылы сөйлескен. Мадина достарының ортасында, мерекелік жақсы көңіл-күйде болған.
Мадина Ақтөбе қаласындағы №27 мектепті және Қазан федералды университетінің шығыстану факультетін корей тілі мамандығы бойынша тәмамдап, одан кейін Сеулдегі университеттің магистратурасына оқуға түскен.
№27 орта мектеп директорының орынбасары Алтынгүл Аткиеваның сөзінше, Мадина бала кезінен тіл үйренуге құмар болған.
"Мадина біздің 2013 жылғы түлегіміз. Өте керемет қыз. Үлгілі оқушылардың бірі болды. Тек жақсы жағынан білеміз. Оның Кореяда білім алатынын пандемия кезінде естідік. Тіл үйренуге бейім болатын. Қаралы хабар бізге де қиын тиді, туыстарына қайғыра көңіл айтамыз", – дейді Ақтөбе қалалық №27 мектеп директорының орынбасары Алтынгүл Аткиева.
Марқұмның анасының айтуынша, Мадина сегізінші сыныпта кәріс тілін оқи бастаған.
"Жолдасым Бейбіт Сеулге арнайы рейспен ұшу үшін Алматыға кетті", – деп қосты ол.
Гүлбану Шерниязова марқұмның денесі Ақтөбеге 1 қарашада жеткізілетінін айтты.
Еске сала кетейік, бұған дейін Сеулде Хэллоуин мерекесін тойлау кезінде 151 адамның қайтыс болғанын хабарлаған едік.
Кейін еліміздің Сыртқы істер министрлігі қаза болғандар арасында Қазақстан азаматы барын хабарлады.
Қайғылы жағдайға байланысты Оңтүстік Кореяда Ұлттық аза тұту күні жариялады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/1995099-seulde-qaza-tapqan-qazaqstandyq-qyz-zaily-zana-malimet-syqty/