Сеулдегі Хэллоуин мерекесіндегі қайғылы жағдай: қаза тапқандар арасында Қазақстан азаматы бар
Жарияланған күні:
Оңтүстік Корея астанасы Сеулде Хэллоуин мерекесін тойлау кезінде қаза болғандар арасында Қазақстан азаматы бар. Бұл туралы еліміздің Сыртқы істер министрлігі ресми Telegram-арнасында хабарлады, деп жазады KAZ.NUR.KZ.
"Сеул қаласының жедел штабы мен полициясының мәліметінше, Итэвон ауданындағы қайғылы оқиға салдарынан қаза тапқандар арасында Қазақстан Республикасының азаматы, 1996 жылы туған, Ақтөбе облысының тумасы бар.
Ол Корея Республикасының жоғары оқу орындарының бірінің студенті болған.
Қазақстандық дипломаттар қаза тапқан азаматтың туыстарымен байланыста, құжаттарды ресімдеуге және мәйітті Қазақстанға одан әрі жеткізуге барлық қажетті көмек көрсетуде", - делінген ведомство хабарламасында.
Еске сала кетейік, Сеулде өткен түні Хэллоуин мерекесін тойлау кезінде кемінде 151 адам қайтыс болып, ондаған адам зардап шекті. Қаза болғандар арасында шетел азаматтары да бар.
Yonhap News ақпарат агенттігінің хабарлауынша, қайғылы жағдай Сеулдегі түнгі уақытқа дейін жұмыс істейін көптеген мейрамхана, кафе және түнгі клуб орналасқан Итэвон ауданындағы көшелердің бірінде болған.
Басылымның мәліметінше, коронавирус пандемиясынан кейін алғаш рет ұйымдастырылып отырған Хэллоуин мерекесіне ондаған мың адам келген. Кенет бір мезетте тар көшедегі адам санының көптігінен, халық кептеліп қалған.
Қазіргі таңда қайғылы жағдайға байланысты Оңтүстік Кореяда Ұлттық аза тұту күні жарияланды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1994925-sim-seuldegi-qaigyly-zagdai-kezinde-qazaqstannyn-bir-azamaty-qaza-tapty/