Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Бір жастықта қартайыңдар": Тігінші әжей жас жұбайларға айтылатын тілектің мағынасын түсіндірді (фото)

Опубликовано:

Құрақ тігетін әжей
Күләш Құлекенова. Фото: KAZ.NUR.KZ

Ақтөбелік зейнеткер Күләш Құлекенова тігіншілікпен айналысады. Қызымен бірге қыз жасауын дайындап, құрақ құрап отырған әжей өз қолымен кестелеген оюлардың мағынасын да түсіндіріп беруімен ерекше. Зейнеткердің сөзінше, қазақтың тұрмыс-тіршілігінен сыр шеткен оюларда терең ой бар, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Шебер әже - Ақтөбе облысы Шалқар ауданының тумасы. Ұзақ жыл ұстаздық қызмет еткен. "Дәстүрге жол" аналардың қоғамдық бірлестігінің белсенді мүшесі. Бес қыз тәрбиелеп өсірген ана қазір кіші қызымен бірге көрпе тігеді. Айтуынша, сіңлілері де шебер: тоқыма тоқумен айналысады. Кезінде анасы мен әжесі үйреткен өнерді қыздары, немерелеріне үйретіп отыр.

"Қазақтың салт-дәстүрі осы қолөнермен сақталған. Халқымыз шебер қолы арқылы ұрпағын өнермен ауыздықтандырған. Қазір бәрі дайын нәрсені сатып алады. Кезінде қолынан іс келетін шеберлер ұзатылатын қыздың үйіне жиналған. Қыз жасауына анасының қолынан шыққан құрақ көрпе қосылған. Құрақ - тұнып тұрған геометрия, бірліктің белгісі. Кезінде бала тұрмай жүрген келіншектерге ырымдап, қырық үйден шүберек жинап, құрақ құрап берген. Шаңырағың жайылып, жапырақтай жайқалсын деген тілек", - дейді Күләш әжей.

Қолөнер шебері
Күләш Құлекенова. Фото: KAZ.NUR.KZ

Қазақтың ою-өрнегін насихаттап жүрген ана өнімдеріне сұраныстың жоғары екенін айтады. Күләш әжейдің бір ерекшелігі - ол қолынан шыққан әр ою мен өрнектің, құрақтың мағынасын түсіндіріп береді.

"Оюлардың мағынасын түсіндіреміз. Бәрі де көрпенің сапалы, ерекше болғанын сұрайды. Ұлттық оюмен безендірілген ерекше бұйымдардың бағасына қарамай алады. Әр көрпенің мағынасы бар. Жас жұбайлардың өз көрпесі, жастығы болады. Бұрын жас жұбайларға бір жастық істейтін. Бұл - жастықтарың бөлінбесін, бірге қартайыңдар деген тілек. Бүгінде "қос жастықта қартайыңдар" деп шығарып тұр. Қазір жас жұбайлардың жатын керуеттері де кең. Бұрын жас жұбайлар жақын, тату болсын деп астына салатын көрпесін жіңішкелеу етіп жасайтын. Қазір әрқайсысы бөлек кереуетке жататын заман.

Көрпелерге құдық құрақ салу ертеден бар. Ол заманда әр босағада құдық болған. Құдық құрақтың мағынасы - барған жеріңе тастай батып судай сің, жапырағын жайылсын, өсіп өркенде деген мағына береді. Сонымен қатар арнайылап тігілген көрпенің барлығына тырна оюы салынады. Бекер емес. Тырна бір бағытта ұшады. Алдын ашық, бағытың түзу болсын деген тілек", - дейді Күләш апа.

Зейнеткердің мұрағатында 1978 жылы ауылға келген фотограф түсірген анасының суреті сақталған.

Кесте тігу
Күләш Құлекенова анасы Мағрипа Матаевамен бірге. 1978 жылғы фото: Тігіншінің жеке мұрағатынан

Өз сөзінше, іс тігуге анасының үйретуімен әуес болған. "Шешеміз шебер адам еді. Қолынан келмейтіні жоқ. Ол кісінің анасы, әжеміз шебер болған. Төрт баласы соғысқа кеткенде жалғыз немеремен қалса да, түрлі бұйым дайындаған. Көзімізбен көрдік, қойдың терісін қолымен илеп, тон тігетін. Теріні айранға жібітіп, табиғи бормен майын алады. Тері майынан арылса, жұмсарады деуші еді. Бізге мектеп жасынан ине ұстап үйретті. Машинамен тіктік. 7 оқып жүргенде көйлек тігіп кидім", - дейді қария.

Зейнеткер қазіргі аналарға қыздарына іс тігуді үйретуге кеңес береді.

"Өнермен айналысу, іс тігу адамның жүйкесін тыныштандырады. Бар ойың бастаған ісіңе ауса, жаман ой қалмайды. Қазіргі балалар далаға шығып ойнамайды. Телефонға құмар. Ғаламторға телміру - ойын тежейді. Қолөнерге, іске үйретсе, қиялы дамиды. Үйде біреу ине ұстаса, бала да ыңғайланады", - дейді Күләш Құлекенова.

1978 жылдар, кейіпкеріміздің анасы Мағрипа Матаева қалауыш тігіп отыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2013760-bir-zastyqta-qartaiyndar-tiginsi-azei-zas-zubailarga-aitylatyn-tilektin-magynasyn-tusindirdi-foto/