Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Шавкат Рахмонов Ақтөбеде су тасқынынан зардап шеккен бір отбасыға баспана салып беруге уәде етті (фото)

Опубликовано:

Шавкат Рахмонов Қобда ауданына барды
Шавкат Рахмонов Қобда ауданына барды. Фото: KAZ.NUR.KZ / Ардақ Ерубаева

Жуырда ғана АҚШ-тан жеңіспен оралған аралас жекпе-жек шебері Шавкат Рахмонов Наурыз мерекесін Ақтөбеде атап өтті. Облыс әкімі Ералы Тоғжановпен бірге өңірді аралаған спортшы Қобда ауданына барды, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Шавкат Рахмонов су тасқынынан зардап шеккендерге салынатын үйлердің қазығын қағу сәтіне қатысып, бір отбасыға баспана салып беретінін мәлімдеді. Шавкат ауыл балаларымен асық ойнап, суретке түсті.

"Қазақтың намысын, қазақтың рухын көтеретін жігіттер қобдалықтармен бірге қиындықты көтерсем деп келді. Салынатын үйдің біреуін өзі салып беру ниетімен келіп отыр. Керемет қолдау, керемет демеу дейді мұндайды. Амандықта болсын! Қобда жері - батырлар елі. Қобыланды батыр жатқан, Әлия апамыздың кіндік қаны тамған жер. Міне, қазақтың бүгінгі жауынгерлері батырлар ұрапағына қолдау көрсетуге келді", - деді облыс әкімі Ералы Тоғжанов.

Шавкат Рахмонов Қобда ауданына барды
Шавкат Рахмонов Қобда ауданына барды. Фото: KAZ.NUR.KZ / Ардақ Ерубаева

Осы ретте облыс әкімі Қобдада су тасқынынан зардап шеккендерге арнап салынып жатқан 24 үйдің құрылысымен танысты. Жаңа үйлер Қобда ауылының Жаңақоныс шағын ауданында бой көтереді. Мұнда барлық инфрақұрылым бар, көгілдір отын, ауызсу, электр қуаты тартылған. Аймақ басшысы баспана екі айда салынып бітетінін атап өтті.

Шавкат Рахмонов балалармен асық ойнауда
Шавкат Рахмонов балалармен асық ойнауда. Фото: KAZ.NUR.KZ / Ардақ Ерубаева

Наурыз мерекесі күні үйінің қазығы қағылатын естіген тұрғындар алғыстарын жаудырды.

"Сол қиын күндерді басымыздан өткердік. 20 жыл Қобда ауылында тұрсам да, бірінші рет су тасқынын көрдім. Үйім жарамсыз болып қалды. Үйді осы Жаңақоныс шағын ауданынан саламыз дегенде қуандым. Өйткені, газ, су, жарығы тартылған. Үйдің жоспарын көрдім. Өте кең, әдемі болады деп ойлаймын. Қоныстанған соң, қожалық ашып, мал бағуды ойлап отырмын", - деді ауыл тұрғыны Жаңабай Шәріпұлы.

Аумағы 100 шаршы метрді құрайтын біртиптік үйлердің құрылысымен бес мердігер айналыспақ.

Материал авторы: Ардақ Ерубаева

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2013777-savkat-raxmonov-aqtobede-su-tasqynynan-zardap-sekken-bir-otbasyga-baspana-salyp-beruge-uade-berdi/