Сейсмологтар күшті және жойқын жер сілкінісі күтілмейтінін айтты
Жарияланған күні:
Сейсмологтар Алматыдағы жер сілкінісіне қатысты Комиссия қорытындысын жариялады. Қорытындыға сәйкес, күшті және жойқын жер сілкінісі күтілмейді. Бұл туралы Алматы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
"Сейсмологиялық бақылаулар мен зерттеулердің ұлттық ғылыми орталығының базасында Комиссия Алматы болжамдық полигонының аумағындағы сейсмикалық жағдайға бағалау жүргізеді, оның қорытындысы бойынша Комиссияның кезектен тыс отырысының хаттамасы дайындалады.
Комиссияның қорытындысына сәйкес күшті және жойқын жер сілкінісі күтілмейді", - делінген хабарламада.
Алматыдағы жер сілкінісі
23 қаңтарда сағат 00:09-да Алматыда жер сілкінісі тіркелді. ТЖД ақпаратынша, жер асты дүмпулерінің магнитудасы - 6,7. Алматыда 5 балдық жер сілкінісі тіркелген.
Желіде тұрғындар жер сілкінісінен соң жаппай көшеге шығып жатқаны көрсетілген видеолар тарады.
Кейін Алматы ТЖД бастығы Нұрлан Атығаев жер сілкінісінен зардап шеккендер мен қайтыс болғандар, сондай-ақ ғимараттардың қирауы туралы ақпарат келіп түспегенін хабарлады. Сондай-ақ ол азаматтардан қауіпсіз жерге шығуды сұрады.
Сонымен бірге Алматы ТЖД бастығы Нұрлан Атығаев қалада тағы да жер сілкінісі тіркелгенін хабарлады. Оның сөзінше, зілзала магнитудасы 2-3 болған.
Бұдан бөлек, Атығаев желіде тарап жатқан таңғы сағат бесте жер сілкінісі қайталанатыны туралы хабарды жоққа шығарды.
Ал Алматы полициясы қаладағы тәртіпті қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдап, кептеліс болдырмау мақсатында патрульдік полиция инспекторлары қолмен реттеуге көшті.
Сонымен қатар Алматы полициясы азаматтарды үйлерінің есігін жабуға шақырды.
Одан бөлек, Алматы әкімдігі қалада жер сілкінісі салдарынан қирау фактілері болды деген ақпарат шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді.
ТЖМ сейсмологиялық бақылау және зерттеу ұлттық ғылыми орталығының директоры Дәулет Сәрсенбаев қалада жақын уақытта жойқын жер сілкінісі күтілмейтінін хабарлады. Оның айтуынша, Алматы қаласы мен Алматы облысының тұрғындары сезінген жер сілкіністері афтершок болып табылады. Мұны Орталық Азияның барлық дерлік елі сезінген.
Қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы бүгін түнде болған жер сілкінісінен зардап шеккендер жоқ екенін, дәрігерлер күшейтілген режимде жұмыс істеп жатқанын жеткізді.
Қалалық ТЖД жер сілкінісіне байланысты 8 727 278 20 83 және 8 727 278 20 84 телефон нөмірлері бойынша жедел желі жұмыс істеп тұрғанын мәлімдеді.
Мегаполис басшысы Ерболат Досаев штабта сағат 00:20-дан бастап Жедел штабтың шұғыл кеңесін өткізгені, онда одан әрі іс-қимыл жоспары талқыланып жатқаны хабарланды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/2056911-seismologtar-kusti-zane-zoiqyn-zer-silkinisi-kutilmeitinin-aitty/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.