Қостанай облысында Ан-2 ұшағы апатты жағдайда суға қонды: әуе кемесінің кімді тасымалдағаны белгілі болды
Жарияланған күні:

Кеше Қостанай облысында санитарлық авиацияның ұшағы аударылып қалды. Дәрігерлер ұшақпен миокард инфарктісіне шалдыққан науқасты ауруханаға алып бара жатқан. Бұл туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Ведомство мәліметінше, 3 мамырда сағат 09:04-те медициналық авиацияның электронды поштасына миокард инфарктісі диагнозымен 1964 жылы туған пациентті тасымалдауға өтінім түскен.
"Науқасты "Қостанай облыстық ауруханасы" КМК-на тасымалдау мақсатында сағат 16:09-да құрамында екі ұшқышы, дәрігер мен фельдшері бар санитарлық авиация бригадасы Арқалық қаласы бағытында ұшты.
Болжамды себеп бойынша, ұшу кезінде екпінді желдің салдарынан санавиация борты аударылды", - делінген хабарламада.
Басқарма өкілдері пациент еш жарақатсыз және жағдайы қалыпты күйде "Арқалық өңірлік ауруханасы" КМК-на жеткізілгенін, қазір аурухана жағдайында ем алып жатқанын мәлімдеді.
"Сонымен қатар жарақат алмаған санитарлық авиация бригадасы аурухананың медициналық персоналының қадағалауында және бақылауында.
"АК НАВИГАТОР" ЖШС-мен медициналық авиация желісі бойынша авиациялық қызметтерді сатып алуға арналған шартқа отырғандығын қосымша хабарлаймыз",- делінген облыстық денсаулық сақтау басқармасының хабарламасында.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанның Көлік министрлігі "Навигатор" әуекомпаниясына тиесілі Ан-2 ұшағы әуеге көтерілгеннен кейін күрт төмендеп, тоғанға құлағанын хабарлаған еді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/2095712-qostanai-oblysynda-sanitarlyq-aviatsiianyng-ushagy-audaryldy-oblystyq-densaulyq-saqtau-basqarmasy-man-zhaidy-baiandady/