Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Үйде жалғыз болған": Атырауда сегіз айлық бала өрттен аман қалды (фото)

Опубликовано:

тұрғын үй
Өрт шыққан тұрғын үй. Фото: Атырау облыстық ТЖД

Атырау қаласында көпқабатты тұрғын үйдегі пәтерде шыққан өрттен сегіз айлық бала аман қалды. Оқиға орнында болған құтқарушылар не көргенін айтты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Атырау облысы ТЖД мамандарының айтуынша, 6 маусымда Сұлтан Бейбарыс даңғылы бойында орналасқан көпқабатты тұрғын үйлердің бірінің терезесінен түтін шығып жатқаны туралы шақырту түскен. Өрт сөндіру бөлімшесі шақырту орнына жетіп, алты қабатты тұрғын үйдің алтыншы қабатында орналасқан пәтерді түтін басқанын анықтаған. Құтқарушылар жоғарыға автобаспалдақтың көмегімен шығып, бөлмеде ұйықтап жатырған сегіз айлық баланы алып шыққан.

"Оқиға орнында қазандағы ет қайнап, суы тартылып, ет күйіп кеткенін көрдік. Үйдің ішін қара түтін басқан. Біз барған кезде үйде кішкентай бала жалғыз болған, басқа ешкім жоқ, пәтерді сыртынан құлыптап кеткен. Көршілері біраз уақыт есікті аша алмағандарын айтады. Баланы қалың көрпеге орап алып шықтық, медицина қызметкерлеріне табыстадық", - дейді баланы құтқарып қалған өрт сөндірушілердің бірі Атырау қаласының №1 мамандырылған өрт сөндіру бөлімшесінің командирі Азамат Құрманиязов.

құтқарушылар мен сәби
Құтқарушылар мен сәби. Фото: Атырау облыстық ТЖД

Құтқарушылардың сөзінше, баланың ата-анасы ішімдікке салынған. Пәтердегі өртті сөндіргеннен кейін оларды жарты сағат бойына таба алмаған. Кейін полиция қызметкерлері арқылы анасын тапқан.

"Апаттар медицинасы орталығының" қызметкерлері баланы тексеріп, алғашқы медициналық көмек көрсетті. Қазіргі кезде баланың жағдайы жақсы екенін айтады. Аталған шақыртуға Атырау облысы ТЖД 10 қызметкері, үш техника және "Апаттар медицинасы орталығының" үш қызметкері жұмылдырылған.

Атырау облысы ТЖД мамандары тұрғындарды тұрмыстағы, пәтердегі өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтауға шақырады. Былтыр да осы шағынаудандағы алты қабатты үйлердің бірінде де өрт орын алып, пәтерден үш бала құтқарылған.

Автор: Әйгерім Сайқын

Атырау
Өрт шыққан пәтерден табылған ыдыс. Фото: Атырау облыстық ТЖД

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/2113272-uide-zhalgyz-bolgan-atyrauda-segiz-ailyq-bala-ortten-aman-qaldy-foto/