Azerbaijan Airlines әуе апатының алдын ала тергеу нәтижесін жариялады
Жарияланған күні:
Azerbaijan Airlines (AZAL) әуе компаниясы өзіне тиесілі Embraer 190 жолаушылар ұшағы апатының алдын ала тергеу нәтижесін жариялады. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ әуе компаниясы таратқан мәліметке сүйене отырып хабарлайды.
AZAL әуе компаниясы жұма, 27 желтоқсанда түстен кейін ресми телеграм-арнасына мәлімет жариялап, Ресейдің сегіз қаласына – Минеальные воды, Сочи, Волгоград, Уфа, Самара, Саратов, Нижний Новгород және Владикавказға әуе рейстерін тоқтатқанын хабарлады. Компания осындай шешім қабылдау себебін әуе апатының алдын ала тексеру нәтижесімен түсіндірген.
"Осындай шешім Әзербайжан азаматтық авиация мемлекеттік басқармасымен келісілген, сонымен бірге әуе компаниясының Баку-Грозный бағытыменJ2-8243 рейсін орындауға шыққан Embraer 190 ұшағының апатқа ұшырауының алдына ала тергеу нәтижесіне сүйене отырып қабылданды.
Әуе апатының алдын ала тергеу нәтижесі ұшақтың физикалық және техникалық сыртқы ықпал салдарынан апатқа ұшырағанын көрсетті", - деп хабарлады AZAL.
Осыған байланысты әуе компаниясы Ресейдің бірқатар қаласына қатынауды тергеу толық аяқталғанша тоқтатады.
Айта кетейік, 25 желтоқсанда AZAL Бакуден Грозный және Махачкала қалаларына ұшуды доғарған.
Осының алдында ғана Ресей авиациясының басшысы ұшақ апатына қатысты мәлімдеме таратқанын жазғанбыз.
Бұған қоса, жұма күні Embraer конгломератының өкілдері Қазақстанға келгені мәлім болды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/2206166-azerbaijan-airlines-aue-apatynyng-aldyn-ala-tergeu-natizhesin-zhariialady/