Атырауда көпқабатты үйден өрт шығып, бір адам көз жұмды: қайғылы жағдайға қатысты тың дерек айтылды
Жарияланған күні:

Төтенше жағдай департаментінің алдын ала мәліметі бойынша, пәтерге өрт қасақана қойылған болуы мүмкін. Тіпті бұл қылмысқа қайтыс болған тұрғынның баласы кінәлі болуы мүмкін деген болжам айтылды. Полиция күдіктіні ұстаған, деп хабарлайды КТК арнасы.
Атырауда көпқабатты үйден өрт шығып, егде жастағы бір тұрғын көз жұмды.
"Шығыңдар-шығыңдар, үй өртеніп жатыр, бензин" деген дауыстар шықты. Балаларды оятып, далаға атып шықтық. Шығып үлгердік, шыққаннан кейін қатты өртенді. Нақты айта алмаймын, бірақ сол жерде баласы бензин шашып, өрт қойыпты деген", - дейді тұрғын Бәтима Нығыметова.
Телеарна мәліметінше, от түнгі сағат үш шамасында көпқабатты үйдің бірінші қабатындағы пәтерден тұтанған. Құтқарушылар жүзге жуық тұрғынды эвакуациялаған. Алайда 70 жастағы кейуана қызыл жалын құшағында қалып қойған. Сондай-ақ 30 жастағы тағы бір тұрғынды күйік шалған. Төтенше жағдай департаменті өрт қасақана қойылған болуы мүмкін деген болжам жасаған.
Алайда болжамның себептерін ашып айтпады. Қазір құзырлы органдар қылмыстық іс қозғап, тергеу жүргізіп жатыр.
"Үй ішіндегі ішкі бұйымдардың өртенуі бойынша қасақана өрт қоюы болжамы алынып отыр. Әлі нақтыланбаған. Болжам түрде алынып отыр. Мұнымен полиция айналысып жатыр", - деді Атырау облысы ТЖД басқарма басшысы Бағдат Абдуллин.
Дереккөз: КТК арнасы.
Еске салайық, 25 қыркүйекке қараған түні Атырауда Алмагүл ықшамауданында алты қабатты тұрғын үйдің бірінші қабатындағы пәтерде 74 шаршы метр алаңда өрт болды. ТЖМ оқиға орнында 1954 жылы туған әйел адамның өлі денесі табылғанын, 1994 жылы туған ер жігіт күйік алып ауруханаға жатқызылған хабарлаған еді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/accident/2166123-atyrauda-kopqabatty-uiden-ort-shygyp-bir-adam-koz-zhumdy-qaigyly-zhagdaiga-qatysty-tyng-derek-aityldy/