Алматыдағы Баум тоғайында үстіне ағаш құлаған бойжеткен қайтыс болды
Жарияланған күні:
Алматыдағы Баум тоғайында үстіне ағаш құлап, ауыр жарақат алған 19 жастағы Селина көз жұмды. Бұл туралы "NewTimes.kz" басылымына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Басылымға бұл қайғылы жайт туралы отбасының туысы баяндаған. Ол әкімдіктен ешкім хабарласпағанын да мәлім еткен.
Аталған жайтты №4 қалалық клиникалық ауруханасының өкілдері де растады. Олар бойжеткен 27 маусымда медициналық мекемеге ауыр жағдайда түскенін, осы уақытқа дейін анестезиология, жансақтау және қарқынды терапия бөлімінде ем алғанын еске салды.
"Емдеу-диагностикалық шаралар кешені жасалғанына қарамастан, 14-ші күні пациенттің жүрегі тоқтады. Барлық қажетті жансақтау шаралары жасалды, бірақ биологиялық өлім тіркелді", - деп хабарлады ауруханадағылар.
Еске салсақ, бұған дейін 19 жастағы қыздың басынан өткен оқиға туралы хабарлағанбыз. Серуендеп жүргенде бойжеткеннің үстіне ағаш құлап, ол ауыр халде ауруханаға жеткізілген еді. Тіпті оған қан құю қажет болды және өкпені жасанды желдету аппаратына қосу қажеттілігі туындады.
Алматы полициясының хабарлауынша, Түрксіб аудандық полиция басқармасында Баум тоғайында ағаштың құлауы салдарынан жас қыздың алған жарақатына қатысты қылмыстық іс қозғалды.
"Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты және объективті анықтауға бағытталған бірқатар тергеу шарасы жүргізілуде, қажетті сот-медициналық сараптамалар тағайындалды.
Тергеу нәтижелері бойынша қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес нақты процессуалдық шешім қабылданады", - деп хабарлаған ведомство өкілдері.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/accidents/accident/2398301-almatydagy-baum-togaiynda-ustine-agash-qulagan-boizhetken-qaitys-boldy/