Алматыда бір топ адамды қаққан жігіттердің анасы ұлының таяқ жегенін алға тартты
Жарияланған күні:
Алматыда адамдарды автокөлікпен әдейі қағу ісіне байланысты жаңа деректер пайда болуда. Екі көлікті туған ағайындылар жүргізгені белгілі болды. Олардың анасы Назира Әлекеева оқиғаға қатысты өз нұсқасын айтып берді деп хабарлайды 31 арнаға сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.

Назираның айтуынша, оның балалары Дінмұхамед пен Жандос осылайша өздерін қорғап қалуға тырысқан. Ол өз балаларын жанжалдың құрбандары болды деп есептейді.
31 телеарнаның ақпарынша, болжам бойынша үш адамды қағып кеткен қара автокөлікті 20 жастағы Дінмұхамед жүргізген.
Ол көлікті оқиға орнына жақын маңда тастап, ізін жасырыпты. Полиция әлі де күдіктіні іздестіруде.

Журналистер оқиғадан кейін Дінмұхамедтің әлеуметтік желідегі парақшасына кіргенін анықтаған.
Екінші күдікті ұсталды. Ол Дінмұхамедтің үлкен ағасы – 24 жастағы Жандос.
Оқиғаға қатысты екі автокөлік те Әлекеевтер отбасына тиесілі болып шықты.
Жігіттердің анасының айтуынша, ол күні екеуі туысының туған күнін атап өткен. Кафеден шығып бара жатып олар бір топ еркекпен жанжалдасып қалған.
"Ол жерде 13 еркек болған, менің ұлымнан әлдеқайда үлкен. Олар ұлыма жабылып, тепкінің астына алған. Мен екінші автокөлікті кіші ұлым жүргізді деп айта алмаймын... Бірақ, сол адам көлікке отырып, бір топ адамды қорқытпақ болған. Себебі, олар менің үлкен ұлымды өлгенше тепкілеп тастаған", - дейді күдіктілердің анасы.

Ол сол кезде үлкен ұлы Жандостың ақ автокөлікке отырып, оқиға орнынан кеткенін айтады.
Назираның үлкен ұлы сол күні ұсталды. Қазір ол тергеу изоляторында отыр, кінәсін толық мойындаған.
Туған ағайындыларға "кісі өлтіруге талпынған" деген айып тағылуда. Олар 15 жылға дейін бас бостандықтарынан айырылуы мүмкін.
Күдіктілердің анасы балалардың өміріне балта шаппауды сұрайды.
"Ол қашпай, тоқтап көмек көрсетуі керек екен. Логика қайда? Олар қайтадан қуып жетіп, оны ұрып өлтірер еді", - дейді Назира Әлекеева.

Екінші күдіктіні іздестіруге үздік із кесушілер жұмылдырылды. Жанжалдың себептері әзірге белгісіз.
Еске сала кетейік, әлеуметтік желілерде біреулердің адамдарды көлікпен әдейі қаққаны бейнеленген жантүршігерлік видео тараған болатын.
Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев оқиғаға байланысты түсініктеме берді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/crime/1813373-lgense-tepkilegen-almatyda-bir-top-adamdy-kakkan-zigitterdi-anasy-z-nskasyn-ajtty/