"Пшөн" деген итіміз ғой": Атырау облысының әкімі су тасқыны кезінде адамдарға көмектескен иттің өлімі туралы пікір білдірді
Жарияланған күні:

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов өңірдегі су тасқыны кезінде бөгет салуға көмектескен Пшөн атты иттің өліміне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Брифинг барысында журналистердің бірі әкімнен өңірде су тасқыны кезінде адамдарға көмектесіп, желіде кеңінен танылған Пшөн атты иттің неліктен атып өлтірілгенін сұрады. Шәпкенов қазір бұл жайт бойынша қызметтік тексерістер жүргізіліп жатқанын айтты.
"Өзім де бұл жаңалықты БАҚ-тан көрдім. Сол бойда анықтадым. Бұл жағдай Махамбет ауданы Сарытоғай ауылында болған. Өзіңіз айтып отырған Пшөн деген итіміз ғой. Кезінде бөгет құрылысы кезінде әлеуметтік желілерге шыққан итіміздің бірі.
Бұл – 28 қараша күні болған жағдай. Сол ауылдың тұрғыны арыз-шағым берген. Үйіне кіре алмайтынын, үйінің қасында бұралқы иттердің жүргені туралы. Сол бойынша мамандар келіп, уақытша ұйықтату бойынша (ред.ескертпесі – тәсілі арқылы) оқ ("дортик") атады. Артынан Жайықтың жағасынан Пшөн деген иттің өлексесі табылған. Қазіргі таңда бұл факт бойынша арнайы қызметтік және т.б. тексерулер жүргізіліп жатыр", - деді ол.
Өңір басшысы облыста бұралқы иттер заңға сәйкес ауланатынын, қожайыны жоқ агрессивті иттер жойылатынын, ал басқа жағдайда иттер стерилизациядан өтіп, ортасына қайтарылатынын жеткізді.
Еске салсақ, Пшөн атымен танылған иттің иесі Зәмзагүл Жанабаева KAZ.NUR.KZ тілшісіне сұқбат берген болатын. Ол итінің өлтірілгені туралы ақпарат тек отбасы мүшелерін емес ауыл тұрғындарын да есеңгіреткенін айтқан. "Пшөнді ауыл болып жақсы көретін еді. Көрген адамның бәрі құшақтап, ерекше ықылас танытатын. Өйткені ақылды, бауырмал ит болды. Отбасымыздың бір мүшесі болып кеткен еді. Бір куәгердің айтуынша, ит ататындардың көлігі біздің итіміздің артынан қуып жүріп атқан", - деді Зәмзагүл.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/crime/2195702-pshon-degen-itimiz-goi-atyrau-oblysynyng-akimi-su-tasqyny-kezinde-adamdarga-komektesken-itting-olimi-turaly-pikir-bildirdi/