"Шабуыл жасау туралы шешім қабылданды": ақтөбелік полицейлер түнде болған оқиғаның мән-жайын айтты
Жарияланған күні:

Ақтөбе облысы полиция департаменті өкілдері түнде болған оқиғаның мән-жайын айтты. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
ПД өкілдерінің мәліметіне сүйенсек, 13 қаңтар сағат 20:00 шамасында Жедел басқару орталығына Ақтөбе қаласындағы жеке тұрғын үйден кепілге алу туралы хабарлама келіп түскен. Жедел-тергеу тобы мен арнайы бөлімшелер оқиға орнына дереу жеткен.
"Жедел қызметтер келген бойда күдіктімен бұрын таныс болған бір әйелдің кепілге алынғаны белгілі болды. Бұл ретте күдікті қандай да бір талап қойған жоқ. Үш сағаттық келіссөздерден кейін және күдікті кепілге алынған адамды босату туралы талаптарды орындаудан бас тартқаннан соң шабуыл жасау туралы шешім қабылданды.
Арнайы операция нәтижесінде күдікті ұсталып, кепілге алынған әйел босатылды. Оқиға болған жерді зерделеу барысында жертөледе пышақ жарақатымен егде жастағы ата-анасы табылды", - делінген полиция хабарламасында.
Өкінішке қарай зардап шеккендердің бірі тасымалдау кезінде, ал екіншісі ауруханада көз жұмды. Ал үшінші жәбірленушіге дәрігерлер барлық қажетті медициналық көмек көрсетіп жатыр.
Бұл факт бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Полиция департаменті қаза тапқандардың туыстары мен жақындарына көңіл айтады.
Сондай-ақ полиция департаментіндегілер кінәлі адам заңның барлық қатаңдығымен жазаланатынын айтты.
Еске сала кетсек, 14 қаңтарға қараған түні әлеуметтік желіде Ақтөбедегі үйлердің біріне белгісіз біреу кіріп, бойжеткенді кепілге алғаны туралы ақпарат пайда болды.
Кейін облыстық полиция департаменті өкілдері барлық төтенше жағдайлар қызметі дереу оқиға орнына жетіп, аумақ қоршауға алынғанын хабарлады. Оқиға орнына полиция бөлімінің басшысы мен қала прокуроры келіп, келіссөздер жүргізген.
Белгілі болғандай, кепілге үш адам алынған - бойжеткен мен оның ата-анасы.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/crime/2211300-aqtobelik-politseiler-tunde-bolgan-oqiganyng-man-zhaiyn-aitty/