Оралда кәмелетке толмаған баланы ұрған әйелге сот шешімімен 369 мың теңге айыппұл салынды
Жарияланған күні:

Оралда кәмелет жасқа толмаған балаға қол көтерді деген әйелге қатысты қылмыстық іс қаралды. Кінәсін мойындаған әйелге сот 100 айлық есептік көрсеткішке тең айыппұл салды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Батыс Қазақстан облыстық сотының ресми сайтына сілтеме жасап.
Орал қалалық соты баспасөз қызметінің хабарлауынша, Ю.-дың іс әрекеті кәмелетке толмаған А.-ға физикалық ауырсыну мен моральдық азап әкелген.
"2024 жылғы 2 қарашада сотталушы Ю. бутикте өз жұмыс орнында болған уақытта А. бутиктің шыны витринасына сүйеніп тұрған. Кәмелетке толмаған А., Ю-дің "шыны витринаға сүйенуге болмайды" деген ескертулеріне назар аудармай, оған қоса балағат сөз айтқан. Салдарынан сотталушы мен жәбірленушінің арасында жанжал туындап, оның барысында Ю., А- ның оң жақ бетінен және қолынан соққы жасаған, осылайша соңғысына физикалық ауырсыну мен моральдық азап келтірген", - делінген хабарламада.
Нәтижесінде сотталушы Ю. өз кінәсін мойындаған. Ал жәбірленуші А.-ның заңды өкілі Ж. оған қатаң жаза беруін сұраған. Сот Ю.-ді кінәлі деп танып, оған 100 айлық есептік көрсеткіш, яғни 369 200 теңге мөлшерінде айыппұл тағайындады.
Үкім заңды күшіне енді.
Облыстық соттың баспасөз қызметінің мәліметінше, жаза бойынша Қылмыстық кодекстің 109-1 бабы 2-бөлігі 8-тармағы жазаның баламалы түрлерін қарастырады. Олар: 100-ден 200 айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салу не сол мөлшерде түзеу жұмыстары, не 100-ден 200 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не 30-дан 50 тәулікке дейінгі мерзімге қамауға алу.
Еске сала кетейік, бұған дейін Ақтөбеде мас болып, кәмелетке толмаған балалары мен бұрынғы әйелін ұрып-соққан ер адамға сот үкімі шыққанын хабарлағанбыз.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/crime/2213586-oralda-kameletke-tolmagan-balany-urgan-aielge-sot-sheshimimen-369-myng-tengge-aiyppul-salyndy/