Алматы облысында сот залынан қашып кеткен күдікті 13 күннен кейін ұсталды (видео)
Жарияланған күні:

1 сәуірде Қарасай ауданаралық мамандандырылған қылмыстық сотының аумағынан қашып кеткен күдіктіні ҚР ІІМ криминалдық полиция департаментінің қызметкерлері ұстады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ облыстық ПД Telegram-арнасына сілтеме жасап.
"Алматы облысы полиция департаментінің жедел қызметкерлері ҚР ІІМ криминалдық полиция департаментінің қызметкерлерімен бірлесіп, Ақши ауылында 1 сәуір күні Қарасай ауданаралық мамандандырылған қылмыстық сотының аумағынан қашып кеткен күдіктіні ұстады.
Іздестіру шаралары басталған сәттен облыстың полициясы және Ұлттық ұлан күштері толық жұмылдырылды. Көршілес облыстардың аумақтық бөлімшелері де іздеу жұмыстарын жүргізді.
Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде қашқынның қозғалу бағыты анықталып, полицейлер оның жасырынған жерін тапты. Күдікті құрықталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды", - делінген хабарламада.
Негізгі қылмысынан бөлек, оған қамаудан қашқаны үшін қылмыстық кодекстің тиісті бабы бойынша қосымша айып тағылды.
Еске салсақ, бұдан екі апта бұрын желіде Қаскелеңдегі сот ғимаратының аумағынан күдікті ер адам қашып кеткені жөнінде жазба жарияланды. Алматы облыстық полиция департаментінің өкілдері ақпаратты растап, қашқынды ұстау бойынша шаралар кешені қабылданғанын мәлім еткен.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/crime/2235692-almaty-oblysynda-sot-zalynan-qashyp-ketken-kudikti-13-kunnen-keiin-ustaldy/