Оқыс оқиға

Зектілері

Жамбыл облысындағы жанармай бекетіндегі шабуыл: жәбірленуші күзетпен қамтамасыз етілді

Жарияланған күні:

полиция қызметкері
Полиция қызметкері. Иллюстрациялық фото: polisia.kz

Жамбыл облысындағы жанармай бекетінде болған шабуыл фактісіне байланысты жедел-тергеу тобы құрылып, оның жұмысын үйлестіру үшін аймаққа ІІМ орталық аппаратының қызметкерлері жіберілген. Жәбірленуші күзетпен қамтамасыз етілген. Бұл туралы ІІМ-ға сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.

ІІМ-ның мәліметінше, ішкі істер органдары Жамбыл облысы Меркі ауданындағы жанармай құю бекетінде суық қаруды қолдану арқылы жасалған шабуыл фактісі бойынша қылмыстық істі тергеп жатыр.

Күдікті ізін суытпай ұсталып, соттың санкциясымен қамауға алынған.

"Осы факті бойынша Қылмыстық кодекстің 293-бабының 3-бөлігі бойынша (пышақпен жасалған бұзақылық) 7 жылға дейін бас бостандығынан айыруды көздейтін қылмыстық іс қозғалды.

Қылмыстық іс Жамбыл облысы ПД Тергеу басқармасының өндірісіне қабылданды, жедел-тергеу тобы құрылды.

Жедел-тергеу тобының жұмысын үйлестіру үшін аймаққа ІІМ орталық аппаратының қызметкерлері жіберілді. Оқиғаны толық және жан-жақты тергеу қамтамасыз етіледі.

Күдіктінің іс-әрекетін қайта саралау туралы мәселе тергеу әрекеттерінің нәтижесі және қадағалау органының келісімі бойынша қаралатын болады", - делінген ІІМ-ның Telegram-дағы арнасында жарияланған хабарламада.

Сондай-ақ хабарламада адвокаттың өтініші бойынша жәбірленушіні полиция қызметкерлері күзетпен қамтамасыз еткені айтылған.

"Тергеу барысы Ішкі істер министрінің ерекше бақылауында", - делінген хабарламада.

Айта кетейік, бұған дейін әлеуметтік желілерде жанармай құю бекетінде ер адамның мотоцикл жүргізушісіне шабуыл жасаған сәтінің видеосы тараған болатын. Жазба сипаттамасында оқиғаның Жамбыл облысында болғаны айтылған еді.

Кейін Ішкі істер министрі Ержан Сәденов бұл оқиғаға қатысты пікір білдіріп, күдікті ұсталғанын, шабуыл фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/crime/2236146-zhabirlenushi-kuzetpen-qamtamasyz-etildi-iim-zhambyl-oblysyndagy-zhanarmai-beketinde-bolgan-shabuylga-qatysty-malimdeme-zhasady/