Шерзат Болат ісі бойынша "адам өлтіру" бабымен айып тағылған сотталушы сотта жауап берді
Опубликовано:

Бүгін, 21 мамырда Шерзат Болаттың өліміне қатысты қылмыстық істе "адам өлтіру" бабы бойынша айыпталып отырған Абзал Шынасыл cотта жауап берді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ. Айыпталушы сотта бет-әлпетін бейнекамераға түсіруге қарсы емес екенін айтты.
Абзал Шынасылға Қылмыстық кодекстің 99-бабының 2-бөлігінің 5), 9), 14) тармақтары, 24-бабының 3-бөлігі, 99-бабының 2-бөлігінің 1), 7), 9) тармақтарымен, 293-бабының 3-бөлігімен айып тағылған.
Сотталушы тағылған айыпты жартылай мойындайтынын айтты.
Кейін сотталушы өз нұсқасында оқиғаның қалай болғанын баяндады. Оның сөзінше, ол оқиға болған күні үйінен шығып, Талғардағы "Эйфория" кафесінде отырған достарына келіп қосылған.
"Кешкі сағат 19:00 шамасында досым Ілиясов Нұрқиясқа қоңырау шалдым. Сөйлесу барысында Ілиясов Нұрқияс Сәкиев Равиль екеуі Талғар қаласындағы "Эйфория" кафесінде отырғанын айтты. 15-20 минутта мен жаңағы кафеде болдым. Үйіме жақын болғандықтан жаяу бардым. Үшеуіміз отырдық. Сыртқа шықтық, сол кезде Жақсыкелді Дана мен Нұрбекова Эльмира келді. Бесеу болып, ішке кіріп отырдық, біраз уақыттан кейін Тоқтаубаев Азамат пен Белғожаев Шыңғыс келді. Артынан Тоқтаубаев Нұрбол мен Ы. (кәмелетке толмаған сотталушы - ред. ескертпесі) келді", - деді Абзал Шынасыл.
Кейін Тоқтаубаев Нұрболдың телефонына біреу қоңырау шалған. Сөйлесу барысында Дархан деген есімді естіп қалған.
"Қатты мән берген жоқпын. Нұрбол уайымдап, "досымды ұрып кетті" деді. Бәріміз би алаңына кетіп қалдық. Қайтып келсек, Нұрбол жоқ екенін байқадым. Содан кейін біраз отырдық, түнгі 00:00 шамасында кафе басшылығы "жабыламыз" деп ескертті. Сол кезде Тоқтаубаев Азамат пен Белғожаев Шыңғыс жоқ екенін байқадым. Содан кейін Тоқтаубаев Азамат менің ұялы телефоныма хабарласып: "Менделеев көшесінде ағам Тоқтаубаев Нұрбол мен досын бір балалар ұрып кетіпті, барып алып кетейікші" деді. Өзіміз де сыртқа шығып бара жатқанбыз", - деп жалғастырды сөзін сотталушы.
Айтуынша, сол кезде сыртта көліктің қасында Белғожаев Шыңғыс пен Тоқтаубаев Азамат тұрған. Кейін кафеден шыққандар сол көлікке отырып, "Қамажай" дүкеніне бет алған. Ал Абзал Шынасыл көлікке сыймай, сол жерде қалған.
"Кафенің ішіне кірдім, сол кезде Әшірбаев Талғат деген танысымды көрдім. Ол сол жерде алдағы тойы болатынын, соны ақылдасып, сөйлесу үшін келгенін айтты. Мен одан қолы бос болса, мені "Жастар" стадионы жаққа апарып тастауын өтіндім. Бірден келісті", - дейді ол.
Шынасыл Абзалдың сөзінше, жолда, Менделеев көшесіне жақындаған сәтте оған Жақсыкелді Дана Whatsapp арқылы жазып, ол жақта төбелес басталып кеткенін хабарлаған.
"Сосын Талғатқа "біздің балалар төбелесіп жатыр екен, мені тастап кетші дедім. Дүкенді таппай келе жатқанда бір топ адам төбелесіп, шуылдасып жатқанын байқадым. Бірден көлікті тоқтаттым да, сол жерден түсіп қалдым", - дейді Шынасыл Абзал.
Ол көліктен түсе сала бір топ адамның арасына кіріп кеткенін, сол сәтте бойы ұзын келген сақалды жігіт өзіне қарай жүгіргенін айтады.
"Ғайыпбаев Нұрқанат екен. Мен оны оң қолыммен ұрдым. Ұрған кезде ол бұрылып, көршілес "Береке" деген дүкенге қарай жүгіріп кетті. Ол жақта, қараңғы жерде көлік тұрған. Маркасын білмедім. Багажға қарай жүгіріп барып, мылтығын алып шықты да бізге қарай келіп оқтап, аспанға атты. Сол кезде орнымда қатып тұрып қалдым. Сол жағымда Ілиясов Нұрқияс тұрды. Арғы жақта балалар қашып бара жатты. Оқтап бізге қарай жақындады, 5-6 метр ме, көздеп тұрды. Мен оған "мылтықты таста, сөйлесейік дегенде, "жоқ, мен атам" деді. Атсаң ат, деп айғайладым. Сосын атты, отырып қалдым. Сол құлақтың тұсынан оқ өткенін сездім, құлағым шыңылдап кетті", - дейді Абзал Шынасыл.
Кейін оның сөзінше, араларынан бір адам мылтыққа қарай жүгіріп, үшінші рет оқтап жатқан кезде қаруын тартып алмақшы болған.
"Бірақ берген жоқ. Баланы шалып құлатып жіберді де, өзі артқа қарай Шота Руставели көшесімен кетті. Мылтығын бізге қаратып бара жатты. Артынан, көшені жағалап, көрінбей бардым. Атып жібермесін деп. Барған кезде қасындағы Шерзат Болат құлады жерге. Неден құлағанын білмейді екенмін. Шалынып құлаған шығар, отырды. "Скорый" деп айғайлаған кезде барып тептім және ұрдым", - деді Абзал Шынасыл.
Айтуынша, сол кезде оның арқасынан біреу тартқан.
"Қарасам, танымайтын Әскентай Дархан екен. Оны танымағандықтан екі рет ұрып жібердім. Мен Нұрқанат Ғайыпбаев қашып кетті екен десем, кейін видеодан көрдім, оны сүйреп алып кеткен екен. Барсам етпетінен, шалбары жартылай шешіліп, құймышағы ашық жатты. Төс қалтамдағы пышақты алдым да, ұшымен 1-2см ұстап, жамбасына сұғып алдым", - дейді сотталушы.
Кейін Абзал Шынасылдың сөзінше, бәрі автокөлікке жиналған, өзі көлікке соңғы болып отырған.
"Азамат екеуміз көліктің алдына қыстырылысып отырдық, содан "777" дүкеніне бардық. Балалар дүкенге кіріп кетті. Сол кезде мен Жақсыкелді Данаға қолыма "Диззи" сусынын құйғызып, пышақты сүрттім. Кейін "Биатлон" жаққа бет алдық. Мен Golf автокөлігіне отырдым. Ол көлікте Тоқтаубаев Нұрбол, Тоқтаубаев Азамат Әскентай Дархан, және Ы. болды", - дейді айыпталушы Абзал Шынасыл.
Абзал Шынасыл сол кезде көлікте кетіп бара жатып, Әскентай Дарханмен танысқанын айтады. Жолай Ы.-ны қалдырып кеткен. Ол әрі қарай үйіне жаяу кеткен.
Кейін Нұрбол Тоқтаубаев өзі рульге отырып, жоғары қарай бет алған.
"Жолда тоқтап, топ болып сөйлесіп тұрдық. Жанымда тұрған Белғожаев Шыңғысқа: "Мен біреуге үш рет пышақ тықтым" дедім. Сосын пышақты арғы жаққа, лақтырдым. Оны көзілдіріктің қапшығына салып қойған едім, қалтамды тесіп кетпесін деп. Қапшығын бір бөлек, пышақты бөлек лақтырдым", - деді Абзал Шынасыл.
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/accidents/crime/2247219-sherzat-bolat-isi-boiynsha-adam-oltiru-babymen-aiyp-tagylgan-sottalushy-sotta-zhauap-berdi/