"Мылтықты жұлып алдым": сотталушы Шерзат Болаттың ағасын қалай ұрғанын айтты
Опубликовано:
Читать на русском
Шерзат Болатқа қатысты іс бойынша сот отырысында сотталушы Нұрқияс Ілиясовтан жауап алынды. Оған бұзақылық жасады деген айып тағылып отыр. Ол 2023 жылы қылмыстық іс бойынша сотталған, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Сотта айыпталушы Нұрқияс Ілиясов өзін видеоға түсіруге тыйым салатынын айтты.
Сотталушы қазанның 3-нен 4-іне қараған күні кешке досы Равиль Сакиевпен бірге "Эйфория" кафесіне барғанын мәлімдеді. Ол жерге екі қыз да барған - олар істе куәгер болған Дана Жақсыкелді мен Эльмира Нұрбекова. Кейін кафеге сотталушылар Абзал Шынасыл, Азамат Тоқтаубаев және Шыңғыс Белғожаев, кейін Нұрбол Тоқтаубаев пен кәмелетке толмаған сотталушы келген.
"Көңіл көтеріп отырдық. Сыра іштік. Бір кезде Нұрбол мен Д. (кәмелетке толмаған сотталушы – ред. ескертпесі) кетіп қалды. Қайда кеткенін білмедім. Кафе жабылды, сыртқа шықтық. Әңгімелесіп тұрған кезде Шыңғыс па, Азамат па біреуі келіп "Нұрболды ұрып кетті, барып көмектесіп жіберейік деді", - дейді сотталушы.
Оның айтуынша, олар Меrсеdеs көлігімен Менделеев көшесіне қарай шыққан. Сөзінше, олар келген кезде "Қамажай" дүкенінің алдында 8-9 адам тұрған.
"Мен көліктен түстім, көп адам тұр екен, келіп амандасайын деп едім бәрі ашулы екен. Мен: "Балалар, не болды? Не үшін ұрды" деп сұрағанымда, сөзіме жауап берген де жоқ, сол сәтте марқұм Шерзат мені ұрып жіберді. Артқа шегіндім, сол кезде Қаржаубай мырза (Шерзаттың әкесі – ред. ескерт.) дүкеннен пышақпен шықты. Сол жерде дүрбелең басталып, мылтық атылды. Бір рет атылды. Бірінші рет атылғанда мен тартып алып үлгеремін бе деп ойладым мылтықты (Нұрқанат – ред. ескертпесі) оқтап жатқанда, ол екінші рет оқтап үлгерді. Сол кезде Шерзат мені тағы да ұрды. Мен артқа шегінгенде екінші рет атылды. Үшінші рет оқтап, ол : "Бәріңді атамын" деді. Мен: "таста мылтығыңды" деп бара жатқан кезде Шерзат құлап жатты ма білмедім, Нұрқанат (Шерзаттың ағасы – ред. ескертпесі) оны көтеріп жатқан сәтте астынан мылтықты жұлып алып үлгердім, мылтықтың сабымен екі мәрте ұрдым", - деді Нұрқияс Ілиясов.
Сотталушы Шерзатқа не болғанын білмегенін айтады. Оның сөзінше, бәрі жиналып, көлікке қарай бет алған. Сол кезде Ілиясовтың айтуынша, алдынан Азамат Тоқтаубаев шығып, мылтықты қолынан алып, барлығы көлікке отырып, оқиға орнынан кетіп қалған.
"Одан әрі 777 дүкеніне бардық, бір заттар алдық, не алғанымызды білмеймін, көлікке отырып, "Биатлон" жаққа бардық. Ол жерде сөйлесіп тұрдық, не жағдай болды деп. Сосын төмен түсіп келе жаттық. Артымыздан бір көлік ілесті. Олар бізге шамын жағып-өшіріп белгі беріп, тоқтатты. Сөйтсек Талғарда жұмыс істейтін полиция қызметкерлері екен. Олар Мерседеs көлігін ұстау туралы тапсырма алғанын айтты. "Сендерді сол үшін тоқтаттық, адам қайтыс болды, көлікке отырыңдар" деп бізді полиция бөлімшесіне алып кетті", - деді Ілиясов сотқа.
Сондай-ақ сотталушыдан мылтық атқан адамды тани алатыны-алмайтыны сұралды.
"Иә, мен беттестіру кезінде оқ атқан Нұрқанат Ғайыпбаев екенін айттым", - деп жауап берді айыпталушы.
Одан бөлек Ілиясов Нұрқияс бұған дейін айтқан айғағын растады, онда ол екі рет ұсталғанын, бірінші рет түнде, ал екінші рет келесі күні СОБР қатысуымен ұстау операциясының түсірілімінде полиция бөлімінен шыққанын айтты.
Сондай-ақ ол бір қолында мылтық, бір қолында пышақ болғаны рас па деген сауалға жауап берді.
"Мен Рэмбо емеспін ғой", - деді сотталушы.
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2245761-myltyqty-zhulyp-aldym-sottalushy-sherzat-bolattyng-agasyn-qalai-urganyn-aitty/