Қуандық Бишімбаевтың туысы рақымшылыққа ілікті
Жарияланған күні:
Читать на русском
2023 жылғы қарашада Салтанат Нүкенованың өліміне қатысты іс бойынша сотталған Қуандық Бишімбаевтың туысы Бақытжан Байжанов рақымшылыққа ілікті, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Сот актісі заңды күшіне енгені туралы ақпаратты Ақмола облыстық сотының баспасөз қызметі растады.
Еске салсақ, бұған дейін Степногорск соты Салтанат Нүкенованың өліміне қатысты іс бойынша сотталған Бақытжан Байжановтың рақымшылық жасау туралы өтінішін қараған болатын.
"Қазақстан Конституциясының 30 жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы" Заңына сәйкес, сотталғанның жазасының өтелмеген бөлігі 1/3 бөлігіне қысқартылып, соңғы өтеу мерзімі 1 жыл 4 ай 17 күн деп белгіленді.
Қуандық Бишімбаев ісі
2023 жылғы 9 қарашада БАҚ пен Telegram-дағы арналар бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев Астанада әйелін ұрып өлтірді деген күдікпен ұсталғанын хабарлады.
Астана қаласы полиция департаменті 9 қарашада елордадағы мейрамхана қонақтарының арасында жанжал шығып, салдарынан бір әйелдің қаза тапқанын растады.
Елордалық ПД өкілдері күдікті қамауға алынып, тергеу амалдары жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.12 қарашада Қуандық Бишімбаев екі айға қамауға алынды.
Сонымен бірге оның туыс інісі Бақытжан Байжанов қылмысты жасырды және қылмыс туралы хабарламады деген күдікпен құрықталды.
Қуандық Бишімбаев пен Бақытжан Байжановқа қатысты басты сот отырысы 27 наурызда басталды. Сот процесі ашық режимде өтті, ол Жоғарғы соттың YouTube желісіндегі парақшасында онлайн көрсетілді.13 мамыр күні сот үкімімен Қуандық Бишімбаев 24 жылға, ал Бақытжан Байжанов 4 жылға бас бостандығынан айырылды.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/accidents/crime/2278178-quandyq-bishimbaevtyng-tuysy-raqymshylyqqa-ilikti/