Зейнетақы жинағынан 46 млрд теңгені қылмыстық жолмен шығарды деп күдікке ілінген үш адамның біреуі ұсталды
Жарияланған күні:
Читать на русском
Қаржылық мониторинг агенттігі төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесов сенат кулуарында стоматологиялық қызмет көрсету үшін БЖЗҚ-дан қаражат шығару ісі бойынша кәсіпкер Аслан Дүйсеновтің жағдайына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Журналистер Қаржы мониторингі агенттігінің кәсіпкерге неліктен іздеу жариялағанын сұрады.
"Біріншіден, ол – күдікті. Оған сырттай айып тағылды, сот оны уақытша қамауға алу туралы шешім шығарды. Оған іздеу жарияланды. Бүгінгі таңда ол ұсталды, сот санкцияны күшінде қалдырды", - деді Жеңіс Елемесов.
Оның айтуынша, тергеу органы оның төрт емхана құруға қатысу фактілерін толық дәлелдеген.
"Ал түскен сомалар тергеуде толық анықталды", - деді ҚМА төрағасының орынбасары.
Естеріңізге сала кетейік, Қаржылық мониторинг агенттігі БЖЗҚ-дан 46 млрд теңгені заңсыз шығарды деп күдікке ілінген үш адамға іздеу жариялаған еді, олар – Аслан Дуйсенов, Ғаббас Иманбаев және Есімхан Елешев. Аталған азаматтар 46 млрд теңгеден астам қаражатты БЖЗҚ-дан заңсыз шығару мақсатында қылмыстық схема ұйымдастырды деген күдікке ілінген.
Ал бұған дейін Қаржы мониторингі агенттігі желідегі ресми парақшасында жалған емханалар мен 226 дроппер арқылы БЖЗҚ-дан 200 млрд теңге жымқырылғанын мәлім етті. ҚМА өкілдері істер бойынша тәркіленген мүліктерді көрсетті. Агенттік дерегіне сүйенсек, күдіктілер салымшылардың ақшасына құны 600 млн теңгеден асатын 15 элиталық көлік сатып алған, одан бөлек брендтік зергерлік бұйымдар, сонымен қатар коммерциялық үй-жайлар, пәтерлер мен жер учаскелері тәркіленген.
Айта кетейік, бұған дейін "Отбасы банк" өкілдері стоматологиялық қызметтерді төлеу үшін алынған бірыңғай зейнетақы жинақтарының мақсатсыз пайдалану жағдайлары туралы айтқан болатын.
Банк мәліметінше, соңғы төрт жыл ішінде enpf-otbasy.kz платформасы арқылы тек "Стоматологиялық қызметтер" бағыты бойынша 757 млрд теңге шығарылған.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз