Прокуратура: Жақсылық Омар шартты түрде мерзімінен бұрын босатылмайды
Жарияланған күні:
Читать на русском
Өскемен прокуратурасы Шығыс Қазақстан облысы әкімінің бұрынғы бірінші орынбасары Жақсылық Омарға қатысты үкім бойынша пікір білдірді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ YK-news.kz-ке сілтеме жасап.
"Сотталушы сыбайлас жемқорлыққа қатысты бірқатар қылмыс бойынша, атап айтқанда, қызметтік жағдайын пайдаланып алаяқтық жасау, сондай-ақ пара алу бойынша кінәлі деп танылды.
Бұл әрекеттер сыбайлас жемқорлық қылмыстары санатына жатады және мемлекеттік қызмет пен қоғамдық сенім негіздерін бұзады. Мемлекеттік айыптау тарабы жеделдетілген сот процесін ескере отырып, заңмен көзделген ең жоғары жазаны сұрады", - деп түсіндірді прокуратура.
Сот бұл ұстаныммен келісіп, толық жаза, яғни, сотталушыға 6 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
"Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, сыбайлас жемқорлық қылмыстары үшін сотталған адамдарға рақымшылық жасау актілері және шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы нормалары қолданылмайды. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ және іс бойынша тараптар шағымдана алады" - деп атап өтті ведомстводағылар.
Жақсылық Омарға қатысты іс
Естеріңізге сала кетейік, биыл ақпанда әлеуметтік желіде ШҚО әкімінің бірінші орынбасары Жақсылық Омардың ұсталғаны туралы ақпарат тараған еді.
Өңір әкімдігі аталған тұлғаға қатысты қандай да бір ақпарат жоқ екенін, қолда бар деректерге сәйкес, мемлекеттік қызметші денсаулық жағдайына байланысты еңбек демалысын алғанын хабарлады.
Кейінірек ҰҚК шенеунікке қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.
Сондай-ақ оған екі бап бойынша айып тағылғаны белгілі болды: ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 3-бөлігінің 1, 2-тармақтары (Ірі көлемдегі алаяқтық) және 366-бабы 3-бөлігінің 3-тармағы (Ірі көлемде пара алу).
3 сәуірде Өскеменде шенеунікке сот үкімі шығып, ол 6 жылға бас бостандығынан айырылды. Кейін сот Жақсылық Омарға шыққан үкімді түсіндірді.
Жақсылық Омар ШҚО әкімінің бірінші орынбасары болып 2025 жылғы сәуірде тағайындалған болатын. Бұдан бөлек, ол алты жылдан астам уақыт Өскемен қаласының әкімі болды.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/accidents/crime/2362077-prokuratura-zhaqsylyq-omar-shartty-turde-merziminen-buryn-bosatylmaidy/