Атыраудағы отбасының өлімі: екі мүрде табылған үйдің иесі өз шындығын айтты
Жарияланған күні:
Қызылқоға ауданында ата-енесін, ал Атырау қаласында әйелінің бауырларын өлтірді деген күдікке ілінген Сұлтан Сәрсемалиевке қатысты сот процесі жалғасып жатыр. Кезекті отырыста бірнеше куә жауап берді, деп хабарлайды kazinform.kz.
Сот отырысында күдіктіге Мұнайшы ықшамауданындағы үйін жалға берген азамат куәлік етті. Оның айтуынша, отбасы аталған баспананы 2023 жылдан бері жалдап тұрған.
Куәгердің сөзінше, ай сайынғы 50 мың теңге көлеміндегі жалдау ақысы белгісіз азаматтан банк аударымы арқылы түсіп отырған. Алайда белгілі бір кезеңдерде отбасы үйді жалдамай қалған.
Сотта куә болған үй иесі өткен жылдың 7 желтоқсанында үй иесі Сұлтан Сарсемалиевпен хабарласқан. Сол кезде күдікті әйелін емдетіп жүргенін айтып, енді үйді жалдамайтынын жеткізген.
Істі қарап жатқан судья Зарема Хамидуллина куәгердің тергеу барысында берген түсініктемесін оқып берді.
"Мен үйге қажет болған кезде ғана барып жүрдім. Әйелін бір-ақ рет көрдім, оның өзінде сыртынан ғана байқадым. Балаларын мүлде көрген емеспін. Әйелі орамалда еді. Шамамен 27 желтоқсанда үйге барып, есік алдындағы тастың астында тұрған кілттерді алдым. Үйдің ішін қарағанда ешқандай шашылған заттар немесе дақтар байқалмады. Үйді тазалап кеткенін көрдім", – делінген куәгердің жауабында.
Сондай-ақ үй иесі сотта мәйітті орауға пайдаланылған кілемнің өзіне тиесілі емес екенін айтты. Оның сөзінше, ауладағы душтың ішінде екі күрек пен бір айыр тұрған.
Бұдан бөлек, сотта Сұлтан Сарсемалиевтің жездесі де жауап берді. Ол балдызының тұйық мінезді болғанын және отбасын ойлап жүретінін айтты. Алайда куәгер олардың арасындағы қарым-қатынас жақсы болғанымен, Сәрсемалиевпен ажырасудың нақты себебі және отбасындағы түйткілдер туралы сөйлеспеген.
Жалпы сотқа дейінгі тергеу кезінде күдіктінің 2 адвокаты болған. Қазір Сұлтан Сәрсемалиевті біреуі қорғап жатыр. Адвокат Асан Жұмабаев сотталушыны қазір кінәлі деп айтуға ерте дейді.
"Адвокат әлеуметтік көмек ретінде, қоғамдық , қайырымдылық негізде тегін көмек көрсете алады. Мен қазір ақысыз қызмет көрсетіп отырмын. Бұл бойынша туысқандарымен жасалған келісімшарт бар", - деп пікір білдірді күдіктінің қорғаушысы.
Бүгінгі сот отырысына қалған екі куә қатыспады. Оларды келесі процеске қатыстыру міндеті полиция департаменті мен прокуратура өкілдеріне жүктелді. 24 куәнің басым бөлігі сот залына келіп білгенін айтса, кейбірі онлайн қосылды.
Айта кетейік, келесі сот отырысы 4 маусымға белгіленді.
Айта кетсек, биыл қаңтар айының басында Атырау облысында бір отбасы жұмбақ жағдайда жоғалып кеткенін жазған едік.
ПД-ның мәліметінше, 25 желтоқсанда Атырау облысының полициясына Атырау қаласының тұрғыны ағасы мен отбасының бір айдан астам уақыттан бері хабар-ошарсыз кеткені туралы арызбен жүгінген.
Белгілісі Жангелдин ауылының тұрғындары қараша айында үйлерінен белгісіз бағытқа қарай шығып кетіп, оралмаған. Артынша, 6 қаңтарда отбасының үлкендері - анасы мен әкесі өлі күйінде табылғаны хабарланды.
Кейінірек Құқықтық статистика және арнайы есепке алу органдарының порталында күдікті Сұлтан Сәрсемалиевке (қаза тапқан ерлі-зайыптының күйеу баласы) қатысты бағдар жарияланды. Оның әйелі екеуінің қайда екені белгісіз. Оларға халықаралық іздеу жарияланды.
Сондай-ақ полиция жоғалған отбасыға қатысты іс бойынша жаңа деректерді бөлісіп, марқұм зейнеткерлердің денесінде пышақ іздері бар екенін мәлім етті.
Мамыр айында қанды қылмыс жасады деген күдікпен отбасының күйеу баласы мен қызы Индонезиядан ұсталды.
Ал 18 мамырда Атырау облысы Жангелдин ауылында қайын жұртын қатыгездікпен өлтірген Сұлтан Сәрсемәлиевтің соты басталды. Алғашқы тыңдалымда күдікті бар кінәсін мойындап, тіпті өлім жазасына дайын екенін жеткізді. 29 жастағы айыпталушы сот отырысында 4 бірдей адамды не үшін асқан қатыгездікпен өлтіргенін айтып берді.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/accidents/crime/2383599-atyraudagy-otbasynyng-olimi-eki-murde-tabylgan-uiding-iesi-oz-shyndygyn-aitty/