Прокурор Сұлтан Сәрсемалиевті өмір бойына бас бостандығынан айыруды сұрады
Жарияланған күні:
Читать на русском
Прокурор Атырау облысында бір отбасының төрт мүшесін өлтірді деп айыпталып отырған Сұлтан Сәрсемәлиевті өмір бойына бас бостандығынан айыруды сұрады, деп хабарлайды "Ақ Жайық" басылымына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Бүгін Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Жангелдин ауылында бір отбасының төрт мүшесін өлтіру ісі бойынша сот жарыссөзі аяқталды.
Прокурор Сұлтан Сәрсемәлиевті тағылған барлық айып бойынша кінәлі деп тануды сұрады. Төрт адамның өлімінен бөлек, оған ұрлық, алаяқтық, мал ұрлығы, сондай-ақ құжаттарды заңсыз алу және жасыру бойынша айып тағылған.
Прокурор соттан қылмыстардың жиынтығы бойынша сотталушыға өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын кесуді сұрады.
Ол соттағы соңғы сөзін айтқаннан кейін, сот үкім шығару үшін кеңесу бөлмесіне кетеді.
Естеріңізге сала кетейік, биыл қаңтардың басында Атырау облысында жұмбақ жағдайда жоғалып кеткен бір отбасының – ерлі-зайыпты мен олардың ересек балалары іздестіріліп жатқаны белгілі болды.
Облыстық ПД жариялаған бағдарға сәйкес, Мақсот Қарабалинге, Нәсіп Өтешқалиеваға және Мирамгүл Қарабалина мен Наурыз Мұқанғалиевқа іздеу жарияланған.
6 қаңтарда Атырау облыстық ПД ерлі-зайыпты өлі табылғанын, олардың ұл мен қызы әлі іздестіріліп жатқанын мәлімдеді.
Кейінірек Құқықтық статистика және арнайы есепке алу органдарының порталында күдікті Сұлтан Сәрсемалиевке (қаза тапқан ерлі-зайыптының күйеу баласы) қатысты бағдар жарияланды. Сондай-ақ күдіктік мен оның әйеліне халықаралық іздеу жарияланды.
Бұдан бөлек, полиция жоғалған отбасыға қатысты іс бойынша жаңа деректерді бөлісіп, марқұм зейнеткерлердің денесінде пышақ іздері бар екенін мәлім етті.
Кейінірек марқұмдардың ұлы мен қызының да денелері табылды.
18 мамырда бұл қылмыстық іс бойынша сот процесі басталды.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/accidents/crime/2397694-prokuror-sultan-sarsemalievti-omir-boiyna-bas-bostandygynan-aiyrudy-surady/