Каспийдегі 14 әскери қызметшінің өлімі: 300-ден астам адамнан жауап алынып, 8 лауазымды тұлға қамауға алынды
Жарияланған күні:
Читать на русском
ІІМ-нің әскери-тергеу органдары Маңғыстау облысында оқу-жаттығу кезінде әскери қызметшілердің қаза табу дерегі бойынша қылмыстық істі тергеуді жалғастырып жатыр. Тергеу барысы Бас прокуратураның ерекше бақылауында, деп хабарлайды ведомствоға сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Бас прокуратураның Telegram-дағы арнасында жарияланған мәліметке сүйенсек, қайғылы оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты әрі объективті анықтау үшін кешенді тергеу әрекеттері жүргізілген.
"Қазірге дейін 300-ден астам адамнан жауап алынып, 30-дан астам сот сараптамасы мен зерттеу жүргізілді", - делінген хабарламада.
Тергеу барысында қызметке салғырт қарады және кеме жүргізу қағидаларын бұзды деген күдікпен 8 лауазымды тұлға сот санкциясымен қамауға алынған. Олар – Қарулы Күштердің Әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы, оның бірінші орынбасары мен жауынгерлік даярлық жөніндегі орынбасары, екі әскери бөлімнің командирлері, теңіз жаяу әскері батальоны мен ротасының командирлері, сондай-ақ катер капитаны.
Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексерудің өзге деректері жария етілмейді.
"Жақын арада тергеу әрекеттерін аяқтап, қылмыстық процеске қатысушыларды іс материалдарымен таныстыру жоспарланып отыр", - деп мәлімдеді Бас прокуратура.
Естеріңізге сала кетейік, 24 қыркүйекте Маңғыстау облысында ҚР Қарулы күштері Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде қайғылы оқиға болды. Оқу-жауынгерлік тапсырманы орындау барысында ауа райының кенеттен әрі күрт нашарлап, жел екпінінің күшеюі салдарынан ашық теңізге 17 әскери қызметшіні алып кетіп, олардың 14-і қаза тапты.
Үш әскери қызметші құтқарылды.
Қайғылы оқиғадан кейін Қорғаныс министрлігі жүйесінен бес лауазымды тұлға ұсталды.
Сондай-ақ Дәурен Қосанов қорғаныс министрі лауазымынан босатылды. Оның орнына Айдос Мырзахметов тағайындалды.
Кейінірек ҚР ҚК Әскери-теңіз күштерінің бұрынғы бас қолбасшысы ұсталғаны белгілі болды.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/accidents/crime/2452521-kaspiidegi-14-askeri-qyzmetshining-olimi-300-den-astam-adamnan-zhauap-alynyp-8-lauazymdy-tulga-qamauga-alyndy/