Тоқаев Каспийдегі трагедиядан кейін Дәурен Қосановты қорғаныс министрі қызметінен босатты
Жарияланған күні:
Читать на русском
Бүгін, 27 қыркүйекте Дәурен Қосанов Қазақстан Республикасының қорғаныс министрі қызметінен босатылды, деп хабарлады KAZ.NUR.KZ Ақордаға сілтеме жасап.
"Мемлекет басшысының Жарлығымен Дәурен Жұматайұлы Қосанов Қазақстан Республикасының қорғаныс министрі лауазымынан босатылды", - деп хабарлады президенттің баспасөз қызметі.
Маңғыстаудағы әскери қызметшілердің қазасы
24 қыркүйекте Маңғыстау облысында ҚР Қарулы күштері Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде қайғылы оқиға болды. Каспий теңізінің жағалауында оқу-жауынгерлік міндеттерді орындау барысында ауа райы күрт нашарлап, желдің күшеюі салдарынан әскери қызметшілерді теңізге алып кеткен.
Бастапқыда Қорғаныс министрлігі теңізге алып кеткен 19 әскери қызметшінің тоғызы қаза тапқанын хабарлаған болатын. Кейін Каспий теңізіне 17 әскери қызметші кетіп қалғаны, үшеуі аман, ал 14-і қаза тапқаны белгілі болды.
Бас прокуратура Ақтау гарнизонындағы оқу-жаттығу кезінде әскери қызметшілердің қаза табу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.
Сондай-ақ әскери қызметшілердің қаза болу себептерін тергеп-тексеру бойынша үкіметтік комиссия құрылды.
Ақтаулық блогер Азамат Сәрсенбаев Маңғыстау облысында төтенше жағдай болған жерден видео жариялады.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қайғылы оқиға салдарынан қаза тапқан әскери қызметшілердің туған-туыстарына көңіл айтты.
Артынша, мемлекет басшысы 25 қыркүйекті республика бойынша жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады.
Сонымен бірге қайғылы жайт салдарынан қайтыс болғандардың есімі де жарияланды.
Мемлекет басшысының өкімімен Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігіндегі істердің жай-күйіне кешенді тексеру жүргізу жөніндегі комиссия құрылды.
- "Жас қазақстандықтардың рухына": Роза Зергерлі Ресейдегі концертін бір минут үнсіздікпен бастады (видео)
- Каспийдегі трагедия: Маңғыстауда қаза тапқан әскери қызметшілерді соңғы сапарға шығарып салды
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/politics/appointments/2433948-toqaev-kaspiidegi-tragediiadan-keiin-dauren-qosanovty-qorganys-ministri-qyzmetinen-bosatty/
