jitsu gif branding logo appbranding logo app
Оқыс оқиға

    Ақтөбе облысында 12 елдімекенді су басу қаупі бар

    Қар жинайтын арнайы техника
    Ақтөбеде бірнеше елдімекенді су басу қаупі бар. Фото: t.me/Aktobe_region

    Биыл Ақтөбе облысында тасқынның алдын алу үшін жергілікті қазынадан 300 миллион теңге қаражат бөлінген. Алайда 3 күннен бері көлге айналған көшелерден әрең өтіп жүрген Ақтөбе жұрты су басу қаупі бар екеніне алаңдаулы, деп хабарлайды "Алматы" арнасы.

    Телеарна мәліметінше, жауапты мекеме мамандары қоңырау түскен аумақтың барлығы бақылауымызда деп сендірді. Дегенмен қала әкімінің өзі де көктем келсе, су басу қаупі барын жасырмады, өйткені арнайы техника тапшы.

    "Су басқан жерге қоршау қойды, бірақ қарғын су нөпірмен келсе, бірден бұзып өтеді. Ондай қоршауды біз де жасадық. Қолымыздан келгенше тырысып жатырмыз. Көмектесіп жатқан ешкім жоқ. Қоңырау соғып, дабыл қағып жатырмыз. Оған ешкім құлақ асып жатқан жоқ. Біз ешкімге керек емес сияқтымыз", – деді бау-бақша кооперативінің тұрғыны Ажар Сәдуақасова.

    Алдағы екі күнде Ақтөбеде ауа райы күрт жылынуы мүмкін. Қазірдің өзінде 130 техника тәулік бойы күшейтілген режимде жұмыс істеуге дайын.

    "Облыс әкімінің тапсырмасы бойынша бюджет мәселесін, қала аумағын есептеп, қанша көше қосылды бәрін санап, оларға қанша техника керек екенін есептеп шығарамыз" , – деді Ақтөбе қаласының әкімі Мұрат Жөребеков.

    Су сору процесі уақытша тоқтағанымен, коммуналдық мекемелер қар шығаруды жалғастырып жатыр. Бүгінге дейін 200 мың текше метр ақ ұлпа полигонға шығарылған.

    Телеарнаның хабарлауынша, облыста 12 елдімекен су басу қаупі бар аумақ ретінде назарда тұр. Биыл тасқынның алдын алу үшін жергілікті қазынадан 300 миллион теңге қаражат бөлінген.

    "Су тасқыны наурыз айының соңынан басталатын еді. Биыл көктем ерте келді. Қазгидромет мәліметіне сәйкес, дайын болдық. Қар тез еріп, машиналар үлгермей жатыр", – деді Ақтөбе қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің сектор меңгерушісі Серік Дәулетов.

    Айта кетейік, Ақтөбе облысындағы су тасқыны жағдайына байланысты полиция департаментінің жеке құрамы қызмет көрсетудің күшейтілген түріне ауыстырылды.

    Барлығын бірінші болып біліп отырыңыз

    Бізге жазылып, Қазақстанның өзекті жаңалықтарынан, қызықты суреттер, видеолар мен эксклюзивтерден хабардар болыңыз.

    Instagram
    Сақтаулылар
    Мұнда әзірше бос
    Жарияланым парақшасында «
    » батырмасын қолданып, оны сақтаулылар тізіміне қосыңыз.