"76 учаскедегі үйіндіні бөлшектеді": ТЖМ Ауғанстандағы қазақстандық құтқарушылардың жұмысы жайлы айтты (фото)
Жарияланған күні:

ТЖМ Ауғанстанға жойқын жер сілкінісінің салдарын жоюға көмектесуге барған қазақстандық құтқарушылар жасағының жұмысы жайлы айтты. Бұл туралы ведомство ресми сайтында хабарлады.
ТЖМ мәліметінше, қазақстандық құтқарушылар Ауғанстанның Герат провинциясындағы жер сілкінісінен кейін үйінділерді бөлшектеу жұмыстарын жалғастыруда. Іздестіру-құтқару жұмыстары Наиброфи елдімекенінде жүргізілуде.

Құтқарушылар алғашқы тәулік ішінде 76 учаскедегі үйіндіні бөлшектеген. Бұл қираған үйлердің фрагменттері.

Сондай-ақ Апаттар медицинасы орталығының дәрігерлері мен фельдшерлері 39 жергілікті тұрғынға, оның ішінде 5 балаға медициналық көмек көрсеткен. Тұрғындар негізінен алған жарақаттарына, стресске байланысты жүгінген. Бұдан бөлек, суық тиіп сырқаттанған адамдарға да көмек көрсетілген.

Сонымен қатар 11 қазанда таңғы сағат 06.32-де Герат қаласының маңында күшті афтершок тіркелген.
"Чолктула елдімекенінде зардап шеккендердің болуы мүмкін екені туралы ақпарат келіп түсті, сол жерге 29 қазақстандық құтқарушы жіберілді. Олар өздеріне бөлінген учаскедегі үйінділерді бөлшектеу жұмыстарын жүргізді, зардап шеккендер табылған жоқ. 10 тұрғынға медициналық көмек көрсетілді. Жұмыс аяқталғаннан кейін күштер мен құралдар зардап шеккен адамдарды іздеуді жалғастыру үшін Наиброфи елдімекеніне оралды", - дейді министрлік өкілдері.

Естеріңізге сала кетейік, мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 10 қазанда ТЖМ құтқарушылары жер сілкінісі салдарын жоюға көмек көрсету үшін Ауғанстанға аттанған болатын.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/emergency/2040640-76-ucaskedegi-uiindini-bolsektedi-tzm-auganstandagy-qazaqstandyq-qutqarusylardyn-zumysy-zaily-aitty-foto/