Ақтөбеде 8 адам қаза тапқан жол апатына қатысты сот отырысы басталды: Беларусь азаматы көзіне жас алды
Жарияланған күні:

Ақтөбеде балалар спорт командасы мінген шағын автобус пен ауыр жүк көлігінің соқтығысуы оқиғасына қатысты сот отырысы өтті. Жол апаты биыл тамыз айында болған еді. Қайғылы жағдай салдарынан сегіз адамның өмірі қиылды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ "31 арнаға" сілтеме жасап хабарлайды.
8 тамыз күні сағат 10.00 шамасында Самара–Шымкент тасжолының Хромтаудан 25 км жерінде апат болды. Құмқұдық ауылының балалары бапкерлерімен бірге Маңғыстау облысындағы футбол турниріне жол тартқан. Ақтөбеге жетіп, пойызға ауысып мінбек болған.
Апат салдарынан микроавтобустағы үш ересек адам мен бес бала көз жұмды. Қайтыс болғандардың арасында екі ұлын алып бара жатқан әке, полицей және самбодан Қазақстан чемпионы а атанған спортшы болған.
Апатқа жүк көлігінің 37 жастағы жүргізушісі, Беларусь азаматы кінәлі деп танылып отыр. Тергеу мәліметінше, ол екінші көлікті басып озу кезінде маневрдің қауіпсіз екеніне көз жеткізбей, жылдамдықты төмендетпей қарсы жолаққа шыққан. Сол жерде шағын автобуспен бетпе-бет соқтығысқан.
Сот отырысы барысында жүк көлігінің жүргізушісі қаза болғандардың туыстарынан кешірім сұрап, өкінішін жеткізді. Ол өз кінәсін толық мойындап, көз жасын тыя алмады.
"Жүк машинасын, "ГАЗель"-ді басып оздым, олардың артында 10-15 метр, мүмкін, ең көп дегенде 20 метр жерде "Ипсум" болды, мен рульді автоматты түрде солға бұрдым, өйткені оң жақта мен басып озатын көлік болды. Дәл сол сәтте автобус жүргізушісі де менімен бірдей рульді бұрған", - деді сотталушы.
Самара–Шымкент тасжолы – өңірдегі ең қауіпті жолдардың бірі. Жолдың өткізу қабілеті тәулігіне 4 мың автокөлікке есептелгенімен, қазір бұл жолмен күніне шамамен 20 мыңға жуық көлік өтеді. Соның салдарынан адам өліміне әкелетін апаттар жиі кездеседі.
Айта кетсек, Ақтөбе облысында биыл 8 тамызда жантүршігерлік жол апаты болған еді. Алғашында полиция қызметкерлері оқиға орнынан алты адамның денесін шығарды. Кейін қаза болғандардың саны артып, тағы екі оқушының денесі шығарылды.
Балалар Маңғыстау облысында жеке қайырымдылық қор ұйымдастырған футбол жарысына қатысу үшін шыққан. Оқиғаға қатысты полиция Қылмыстық кодекстің 345-бабы бойынша тергеу жүргізіп жатыр. Көп ұзамай өңір әкімі қаза тапқандардың отбасына көңіл айтып, жұмыс тобы құрылғанын мәлімдеді.
Тергеу амалдары жүргізіліп, жол апатының алдын ала себебі MAN жүк көлігінің жүргізушісі қарсы жолаққа шығып кетуі деп танылды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/road-accident/2200149-aqtobede-8-adam-qaza-tapqan-zhol-apatyna-qatysty-sot-otyrysy-bastaldy-belarus-azamaty-koz-zhasyn-tyia-almady/