Алматы - Өскемен тас жолында болған үш жол-көлік оқиғасына қатысты тексеру жұмыстары басталды
Жарияланған күні:

Алматы - Өскемен тас жолында болған үш жол-көлік оқиғасы бойынша тексеру жұмыстары басталды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Алматы облыстық полиция департаменті Telegram-дағы арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
ПД өкілдері апаттың негізгі себебін атады.
"15 қаңтарда Алматы - Өскемен тас жолында үш жол-көлік оқиғасы болды. Апаттың негізгі себебі – жолдағы көрінуді айтарлықтай нашарлатқан қалың тұман", - дейді облыстық ПД бастығының орынбасары Елжан Чупеков.
Оқиға бойынша тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Апат салдарынан бір жолаушы жеңіл дене жарақатымен ауруханаға жеткізілген.
Өңірлік полиция жол қозғалысына қатысушыларды сақтық шараларын қатаң сақтауға шақырады. Нашар көріну жағдайында жылдамдықты азайту, қауіпсіз қашықтықты және жол ережелерін қатаң сақтау аса маңызды.
Сонымен қатар ПД өкілдері құтқару қызметтерінің хабарламалары мен ауа райы жағдайын ескере отырып, сапарларды алдын ала жоспарлау қажеттігін еске салды. Сондай-ақ жолда сақ болып, өздеріңізге және айналадағы адамдарға қамқор болу керегін айтты.
Еске сала кетейік, 2025 жылы 15 қаңтарда сағат 07:30 шамасында "Алматы-Өскемен" автожолының 28 шақырымында ("Алматы-Қонаев" бағытында) 18 автокөліктің қатысуымен жол-көлік оқиғасы тіркелді. Авария қалың тұман кезінде болды.
Сағат 9:45-те Алматы - Өскемен автожолының учаскесінде қозғалыс ашылды. Жол-көлік оқиғасынан кейін жол қызметі жолдың бойын тазалап өтті.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/road-accident/2211759-almaty-oskemen-tas-zholynda-bolgan-ush-zhol-kolik-oqigasy-boiynsha-tekseru-zhumystary-bastaldy/