Алматыдағы Әл-Фараби даңғылында жантүршігерлік жол апаты болды: жаяу жүргінші оқиға орнында көз жұмды (видео)
Жарияланған күні:

Алматыдағы Әл-Фараби даңғылының бойында жантүршігерлік жол апаты салдарынан әйел оқиға орнында көз жұмды, деп хабарлайды Алматы қалалық полиция департаментіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Әл-Фараби даңғылында болған жол апатының видеолары Instagram-желісіндегі kris_p_almaty паблигінде таралған. Видеода Toyota Camry автокөлігі жол жиегінде аударылып жатқанын көруге болады.
Аталған видеоға қатысты Алматы полиция департаментінің өкілдері түсінік берді. Полиция ұсынған ақпаратқа сай, оқиға бүгін, 19 қаңтарда таңғы сағат 5:30-да болған.
"20 жастағы Toyota көлігінің жүргізушісі Әл-Фараби даңғылының бойымен батыс бағытта қозғалып келе жатып, Қаратаев көшесінің қиылыcында рөлге ие бола алмай қалып, жолдың солтүстік бетіне қарай өтіп, жол жиегіндегі бордюр тасына соғылған. Ары қарай қозғалысты жалғастыра отырып, ол 39 жастағы жаяу жүргіншіні қаққан. Одан соң жарнама қалқанының тірегіне соғылып, аударылған. Өкінішке қарай, жол апаты салдарынан жаяу жүргінші оқиға орнында қаза тапты", - делінген хабарламада.
Авто жүргізушісі және жолаушысы қала ауруханаларының біріне жатқызылды. Кісі өлімі туындаған жол-көлік апаты дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Еске салсақ, бұған дейін Алматының Алатау ауданында Рысқұлов даңғылы бойында жаяу жүргіншіні көлік қағып, жаяу жүргінші қаза тапқан еді.
Сонымен бірге Алматы облысында жаяу жүргіншілер өткелінде әйел адамды көлік қағып кеткен. Ол алған жарақатынан оқиға орнында қаза болған.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/road-accident/2212935-almatydagy-al-farabi-danggylynda-zhanturshigerlik-zhol-apaty-boldy-zhaiau-zhurginshi-oqiga-ornynda-koz-zhumdy-video/