Жүргізуші куәлігі болмаған: Көкшетауда адам өліміне себеп болған жол апатына қатысты екі қылмыстық іс қозғалды
Жарияланған күні:
Көкшетауда 52 жастағы әйелдің өліміне себеп болған жол-көлік оқиғасына қатысты екі қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Kazinform.
Ақмола облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің басылым тілшісіне берген мәліметінше, ер адам көлікті жүргізуші куәлігі жоқ жұбайына берген. Салдарынан облыс орталығындағы аулалардың бірінде әйел адам жаяу жүргіншіні қағып, ол оқиға орнында көз жұмды.
"Көлік жүргізген әйелге қатысты адам өліміне әкелген жол қозғалысы ережелері мен көлік құралдарын пайдалану талаптарын бұзу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Тергеу барысында әйелдің көлік жүргізу құқығы болмағаны және тиісті оқудан өтпегені анықталды", - дейді ведомство өкілдері.
Сонымен қатар көлік иесі – оның жұбайына қатысты да жүргізуші куәлігі жоқ адамды көлік басқаруға жібергені үшін қылмыстық іс қозғалды. Бұл бап бойынша бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
"Қазіргі уақытта жол-көлік оқиғасын жан-жақты және объективті тергеуге бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде", - деп толықтырды ведомстводағылар.
11 мамырда Көкшетау қаласының мамандандырылған тергеу соты күдіктіге қатысты "үйқамақ" түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады. Қылмыстық істердің тергелуі полиция департаменті басшылығының бақылауында.
Еске сала кетейік, бірнеше күн бұрын Көкшетауда әйелді көлік басып кеткенін хабарлағанбыз. Оқиға бейнекамераға түсіп қалған. Полиция жол-көлік оқиғасына қатысты тергеп-тексеру басталғанын мәлім еткен еді.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/accidents/road-accident/2375295-kokshetauda-adam-olimine-sebep-bolgan-zhol-kolik-oqigasy-eki-qylmystyq-is-qozgaldy/