"Сендерден сұрайтыным бір-ақ нәрсе": қазақтың маңдайына біткен Бейімбет Майлиннің тағдыры туралы не білесіз
Жарияланған күні:

Бейімбет Жармағамбетұлы Майлин – қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, қазақ прозасы мен драматургиясының негізін қалаушылардың бірі. Ол XX ғасырдың басында қазақ қоғамының әлеуметтік мәселелерін терең қозғап, өз шығармалары арқылы халықтың тағдырын, тұрмысын және рухани әлемін бейнелеген. Алайда оның өмір жолы қысқа да ауыр болды.
- Бейімбет Майлин – қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, XX ғасырдың басында қазақ қоғамының әлеуметтік мәселелерін терең қозғаған жазушы.
- Ол көптеген өлеңдер, әңгімелер, пьесалар мен романдардың авторы болып, қазақ прозасы мен драматургиясының негізін қалаушылардың бірі болды.
- 1937 жылы "халық жауы" деген жалған айыппен қамауға алынып, ату жазасына кесілген Майлиннің шығармалары бүгінде қазақ әдебиеті мен мәдениетінің негізін құрайды.
Балалық шағы мен алғашқы қадамдары
Бейімбет Майлин 1894 жылы қазіргі Қостанай облысындағы казіргі Бейімбет Майлин ауданындағы Ақтөбе деген жерде қарапайым шаруа отбасында дүниеге келген. Әкесінен ерте айырылған ол бала күнінен жоқшылық пен қиындықтың дәмін татып өсті.
"Сұхбатында Майлин былай деп атап өтті: "Менің оқуға тәуелді әжем поэзияны қатты жақсы көретін. Кейде маған күлімсіреп қарап: "Айналайын, сен болмаған кезде мен ән жаздым", - деді. Шығармаларын жазуға деген құштарлық немересіне берілді", - делінген "Наш Костанай" басылымында.
Оның алғашқы білім алуы ауыл молдасының медресесінде басталды, кейін Үфі қаласындағы "Ғалия" медресесінде оқуын жалғастырды. Медреседе жүріп, ол татар, башқұрт және орыс әдебиетімен танысты, бұл оның шығармашылық көзқарасының қалыптасуына әсер етті.
1916-1919 жылдар аралығында мұғалім болған, жазушылықпен шұғылдана бастайды. "Қазақ", "Ауыл" газеттері мен "Айқап", "Садақ" журналдарына жазып тұрған.

Әдебиетке қосқан үлесі
Бейімбет Майлин – қазақ әдебиетінің алтын қорына енген көптеген өлең, әңгіме, пьеса мен романның авторы. Оның шығармалары халықтың күнделікті тұрмысы мен әлеуметтік мәселелерін шынайы бейнелеуімен ерекшеленеді.
- Өлеңдері: Майлиннің алғашқы өлеңдерінен бастап-ақ, оның шығармашылығы халықтың мұң-мұқтажын, әділетсіздікке қарсы наразылығын жеткізуді мақсат етті.
- Әңгімелері: Бейімбеттің әңгімелері – қазақ ауылындағы тұрмыс-тіршіліктің айқын айнасы. "Шұғаның белгісі" атты әңгімесі – махаббат пен адамгершілік тақырыбын терең қозғаған қазақ прозасының шоқтығы биік туындысы.
- Пьесалары: Оның драмалық шығармалары қазақ театрының дамуына негіз қалады. Олар қоғамдағы әлеуметтік өзгерістерді көркем бейнелеп, қазақ драматургиясының өркендеуіне зор үлес қосты.
Бейімбет Майлин – оннан астам поэманың авторы. Майлиннің алғашқы өлеңдер жинағы 1936 жылы "Маржан" деген атпен жарық көрді. Жазылған өлеңдердің ішінде: революцияға дейінгі ауылдағы қазақ қызының қайғылы тағдырына арналған "Бай қызы" (1917), "Разия қызы" (1919), "Беглянка" (1921), "Маржан" (1923), "Қанай" (1928), "Сағындық" (1927), "Ертегі кемпірлер" (1927), бұл туындылары азаматтық соғыс пен Қазақстанда Кеңес өкіметінің орнауын сипаттайды.
"Айқын" басылымындағы мәлімет бойынша, 1920-1922 жылдары газетті жасауға алғаш шығарушылар алқасы басшылық жасап, кейін жекелеген тұлғалар келе бастаған тұста басылымға Бейімбет Майлин секілді жеті-сегіз адам жетекшілік еткен.

Майлиннің шығармаларының ішінде "Шұғаның белгісі" бір төбе. Бұл автордың 1914-1915 жылдары жазған повесі. Повестің фабуласы дәстүрлі: кедейден шыққан Әбдірахман деген мұғалім жігіт Есімбек деген байдың Шұға атты сұлу қызына ғашық болады. Жігітті қыз да сүйеді. Бұл, әрине, байларға ұнамайды. Олар жала жауып, Әбдірахманды айдатып жібереді. Бұған күйзелген Шұға айықпас дертке ұшырайды. Қызының халіне қиналған Есімбек болысқа айтып, Әбдірахманды амалсыз босатады. Әбдірахман алып-ұшып, сүйікті Шұғасын көруге асығып келсе, қайран ару жарық дүниемен біржола қош айтысқан екен; оның өзіне жазып қалдырған хатын оқып, көз жасы көл болады.
Мұның бәрі бүгінгі көзге белгілі оқиғадай, жаттанды тақырыптай болып көрінгенімен, көркем прозасы әлі де қалыптасып үлгермеген заманда, тіпті алғашқылардың бірі болып, жаңа, еуропалық үлгідегі проза жанрымен салған жерден мұндай көлемді көркем дүние жазу – тек Бейімбет Майлин секілді хас таланттың ғана қолынан келетін шаруа еді.
Мұнан кейінгі 30-жылдарында "Социалистік Қазақстан" (қазіргі "Егемен Қазақстан") газетінде бөлім меңгерушісі, редактордың орынбасары, "Ауыл тілі", "Қазақ әдебиеті" басылымдарының бас редакторы болып жұмыс істеген.
Қуғын-сүргін және қайғылы тағдыр
Бейімбет Майлин өмірінің соңғы жылдары сталиндік репрессия кезеңіне тап болды. 1937 жылы ол "халық жауы" деген жалған айыппен қамауға алынып, ату жазасына кесілді. Майлиннің тек шығармашылық емес, жеке өмірі де осы ауыр сынақтан өтіп, арты қайғылы аяқталды.

Журналист Нұрперзент Домбайдың мақаласында тарихи тұлға өз отбасымен қоштасып кеткен сәт туралы баяндалған.
Бұл мақалада Майлиннің қызы Рәзия Майлина әкесімен қоштасу сәтін былай баяндаған:
"Кешке жақын есіктегі қоңырау маза бермеді. Барып есік аштым. Еңгезердей екі орыс тұр. Шамамен қырықтың үстіндегілер.
– Майлиннің пәтері ме?
– Иә.
– Папаң қайда?
– Папам үйде жоқ.
– Жоғы қалай?
– Мамамның қасында. Саяжайда.
– Алдама, – деп мені ысырып тастап кіріп келді. Олармен жағаласып папам жатқан бөлмеге мен де кірдім.
– Азамат, Майлин. Тұрыңыз. Сіз тұтқындалдыңыз, – деді екеуінің бірі. Мына сөзді естігенде есімнен танып қала жаздадым. Папамның екі қолын көтергізіп қойды. Қалтасынан партбилетін, паспортын алды.
– Қазір үйді тінтеміз, – деді әлгілердің бірі.
Біз өзі – дүние-мүлікті көп жинамаған адамдармыз. Әкем ақшаны кассаға салатын. "Балаларым өсіп келе жатыр, оқытам" дейтін. Оқытатын балаларының қатарына мені, Мерекені жатқызатын. Келгендер диванды, шкафты ақтарды. Сасқандікі ме, үрейдің әсері ме далаға шығып Әукен мен Мерекені шақырып келдім. "Үйге жүріңдер. Папамды тұтқындап жатыр" дедім. Екеуі құстай ұшып жетті. Әлгі екеуі папамның жұмыс кабинетіне кірді. Онда негізінен кітаптар бар. Екі-үш қабырғаны алып жатыр. Кітаптардан басқа мұнда диван бар. Жолдастары келгенде осында отыратын. Әлгілер кітаптарды шашып, ақтарып жатыр.
Екі ұл селтиіп тұр. Қанша дегенмен қызбын ғой, мен бардым да папамның қасына отырдым. Екі орысқа бар орысшаммен айтып жатырмын:
– Неге папамды тұтқындап жатырсыңдар? Ол жазушы. Ешкімге зияны жоқ. Таяуда ғана Аманкелді туралы кино түсірді. Аманкелді сіздердің Чапаевтарыңыз секілді, – деймін.
– Үш күннен кейін папаңды үйге қайтарамыз, - деді. Жаңағы екеуі жүк машинасын шақыртты. Кітаптарды, қолжазбаларды тиеп алып кетті. Содан кейін "черный ворон" шақыртты. Түсі қап-қара, кішкентай машинаны жұрт осылай атайтын. Әкем кетерде бізбен қош айтысты. Әукенге айтқаны: "Сен баланың үлкенісің. Алдымен анаңды күт. Екінші мына бауырларыңа қамқор бол" деді. Басқамызға қарап: "Сендерден сұрайтыным бір-ақ нәрсе. Оқыңдар, оқыңдар, оқыңдар" деді үш рет қайталап. Сол жерде ботадай боздап қала бердік".
Қазақ халқының көрнекті жазушысының өмірі қысқа болса да, оның мұрасы – мәңгілік. Бейімбеттің шығармалары халықтың жүрегінде сақталып, қазіргі қазақ әдебиеті мен мәдениетінің негізін құрайды.
Бүгінде Бейімбет Майлиннің есімі туған халқына қайта оралып, оның шығармалары мектеп бағдарламасына енгізілді. Оның атына көшелер, мектептер мен мәдениет ошақтары берілген. Жазушының өмірі мен шығармашылығы – қазақ руханиятының ұлы шежіресінің ажырамас бөлігі.
Бейімбет Майлин тағдыры – қазақ халқының ауыр да ардақты тарихының бейнесі. Оның әдеби мұрасы бізге рухани азық беріп, әділдік пен шындыққа ұмтылуға шабыттандырады.
Еске салсақ, бұған дейін қазақ поэзиясында құйрықты жұлдыздай жарқ етіп, соңынан өшпес із қалдырып кеткен ақындар туралы жазған болатынбыз.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/family/school/2188383-senderden-suraitynym-bir-aq-narse-qazaqtyng-mangdaiyna-bitken-beiimbet-mailinning-tagdyry-turaly-ne-bilesiz/