Түркістан облысында ауыл мектебін бітіргелі отырған оқушыны әлемнің 36 университеті оқуға шақырды
Опубликовано:

Түркістан облысында ауыл мектебінде 11 сыныпта оқитын Ақжүніс Атахан әлемнің беделді 36 университетінен шақырту алған, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Облыс әкімдігінің баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, ол Сарыағаш ауданы Қапланбек ауылдық округіне қарасты Қанағат ауылында №7 Төле би атындағы жалпы білім беретін мектептің 11-сынып оқушысы.
Халықаралық қатынастар мамандығын таңдаған жас түлек дүниежүзіндегі озық университеттерде білім алып, өз саласын жетік меңгерген майталман маман болуды армандайды. Әлем назарын аудартқан талапты оқушының ҰБТ-дағы бағалары да көз қуантарлық. Білім сынағының соңғы нәтижесі бойынша 111 ұпай жинаған.
"Ауыл мектебінде оқитын Ақжүніс Атахан шетелде оқып, жаңа ортада өзгенің мәдениетін танысам, білім көкжиегімді кеңейтсем деген ниетпен үздіксіз ізденген. Нәтижесінде ол Дубай, Түркия, Малайзия, Канада, АҚШ сынды дамыған елдердегі университеттерге құжатын жіберіп, 36-сынан шақырту алған. 16 жастағы оқушы Американың - 17, БАӘ - 5, Түркияның - 6, Малайзияның - 5 университетінің грантын ұтып алып, Канаданың 1 университетіне президенттік стипендиямен оқуға шақыртылып отыр", - делінген хабарламада.
Мектеп табалдырығын аттаған сәттен бастап үздіктер тақтасынан түспеген Ақжүніс Атахан оқуда озат, ізденімпаз оқушылардың қатарынан көрініп келеді. Ақжүністің жетістігі - өңірдегі өзге оқушыларды қанаттандырды. Өйткені ол аталмыш білім ордасынан шетелдік оқу орындарынан шақырту алған алғашқы шәкірт. Талапты жас жаһанның мықты университетінің бірінде оқуын тәмамдап, елге қалтқысыз қызмет етуді мақсат етіп отыр.
Еске сала кетейік, бұған дейін Шымкенттегі №41 мектеп-лицейінің 11 сынып оқушысы Алина Есенгелдиева шетелдік 10 жоғары оқу орнынан шақырту алғанын хабарлағанбыз.
Сонымен қатар арыстық оқушы Ерасыл Жүнісбек әлемнің үздік 30 университетінен шақырту алған еді.
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/family/school/2247762-turkistan-oblysynda-auyl-mektebin-bitirgeli-otyrgan-11-synyp-oqushysyn-alemning-36-universiteti-oquga-shaqyrdy/