Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Бізде өте қымбат": елорда тұрғыны Қазақстандағы дәрі бағасын көрші елдермен салыстырды

Опубликовано:

дәрілік заттар
Дәрілік заттар. Көрнекі фото: pixabay.com

Қазақстанда дәрі-дәрмек көрші елдермен салыстырғанда удай қымбат. Мұндай пікірді Астана тұрғыны Facebook-тегі парақшасында жазды. Тұрғын дәріханадан майлы хлорофиллипт препаратын 3800 теңгеге алғанын, ал көрші елдерде ол он есе арзан екенін айтады. Жалпы елде дәрі бағасы қалай реттеледі? KAZ.NUR.KZ тілшісі бұл туралы Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінен сұрады.

Ұлықбек Әлиев есімді желі қолданушысының айтуынша, Орта Азияда дәрі-дәрмек ең қымбат ел – Қазақстан. Ол хлорофиллипт препаратының бағасын мысалға келтіреді.

"Менің сұрағым Қазақстандағы фармацевтика саласына жауаптыларға арналады. Біздің елде дәрі бағасы қалай көтеріліп кеткенін көрдіңіздер ме, үкімет пен министрлер қайда қарап отыр? Орта Азия бойынша бізде дәрі өте қымбат. Адамдар қаналып жатыр. Кәдімгі майлы хлорофиллипт елордада 3800 теңге тұрады. Ал Өзбекстанда ол 7000 сом немесе 266 теңге, ал Қырғызстанда 413 теңге тұрады", - деп жазады автор.

Оның айтуынша, қалған дәрілердің бағасында да айырмашылық бар.

"Егер жұрт бағаны өзге елдермен салыстырмайды деп ойласаңыздар, қателесесіздер. Халық қазір тиын санап отыр", - дейді Ұлықбек Әлиев.

дәрі бағасы
Дәрілік зат бағасы. Скриншот: facebook.com/ulugbek.aliev

Тұрғынның шағымына қатысты Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті өкілдері түсініктеме берді.

Комитеттің ұсынған мәліметіне сүйенсек, қазір "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі" туралы Кодекстің 245-бабы 2-тармағына сәйкес жарты жылда бір рет монополияға қарсы органның келісімімен уәкілетті орган бөлшек және көтерме саудаға арналған бағаны реттеуге жататын дәрілік заттардың фирмалық атауына шекті бағаларды бекітеді.

"Майлы хлорофиллипт ерітіндісі 20 мл" бағасы реттеуге жататын дәрілік заттардың тізіміне кірмейді. Қазақстанның дәрілік заттар мемлекеттік реестрінде "Хлорофиллипт, 10 мг/мл, спиртті ерітіндісі, 100 мл" тіркелген. Аталған дәріге бөлшек саудада келесі шекті баға бекітілген:

- ПАО Галичфарм - 895,80 тг.;

- ААҚ "Фармацевтическая компания "Здоровье" - 794,87 тг", - делінген комитет хабарламасында.

Комитеттің мәліметі бойынша, бүгінгі таңда денсаулық сақтау министрінің бұйрығымен 6890 дәрілік затқа шекті баға қойылған.

Комитеттегілер бәсекелестік ортаға байланысты дәрі-дәрмек құны шекті бағадан төмен болуы мүмкін екенін айтады.

"Баға талдауына сәйкес, қазіргі уақытта өткен жылмен салыстырғанда дәрі-дәрмек бағасының маусымдық өсуі байқалады, бірақ белгіленген шекті бағадан аспайды", - дейді комитет өкілдері.

Елде Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 426-бабына сәйкес дәрілік затты бекітілген шекті бағадан жоғары өткізгені үшін жауапкершілік көзделген.

Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетіндегілер қазақстандықтарға дәрі-дәрмектің шекті бағадан жоғары сатылғаны анықталса, аумақтық департаменттерге түбіртек ұсына отырып немесе DariKZ мобильді қосымшасы арқылы шағым түсіре алатынын еске салады.

Айта кетейік, 2020 жылы шекті бағаны өсіру бойынша 863 факт анықталып, 237,1 млн теңге айыппұл салынған. Былтыр тек 7 жағдай тіркелген. Ал биыл бірінші жартыжылдықта дәріні шекті бағадан асырып сатқан 4 факт анықталып, 0,6 млн теңге айыппұл салынған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/health/2045591-bizde-ote-qymbat-elorda-turgyny-qazaqstandagy-dari-bagasyn-korsi-eldermen-salystyrdy/

pixel